«Трамптың сынына бола халқымды тастамаймын!» Осылай деген Украина президенті Ақ үй басшысына жауап берді. Владимир Зеленский қиын-қыстау кезеңде қызметінен кетпейтінін шегелеп тұрып айтты. Украина лидері Ресеймен соғыс толық өзінің жауапкершілігінде екенін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта президент сайлауы да болмайтынын растады. Зеленскийдің сөзінше, АҚШ президенті Ресеймен дизельді отынға байланысты келісімге келіп, өзіне қысым көрсетіп жатыр екен. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.
Ыстанбұлды су басты
Түркия халқын табиғи апаттар әбден титықтатты. Ыстанбұлда бірнеше күн шелектеп төккен нөсердің соңы алапат тасқынға ұласты. Мегаполисте осы аптада жауын-шашынның бірнеше айлық нормасы түскен. Қала тосын жайтқа төтеп берер ме еді, бірақ кәріз жүйесі бітеліп, ағын су көшелерге жайылып кеткен. Тіпті қаланың төменгі бөлігіндегі аудандарда көліктер мен бірнеше тұрғынды су ағызып әкетті. Ал ел билігі қауіпсіздік шараларын күшейтуге мәжбүр. Ірі қалада мемлекеттік мекемелердің жұмысы тоқтап, мектеп оқушылары уақытша каникулға жіберілді. Ресми дерек бойынша, тасқыннан бір адам опат болған. 14 жастағы жасөспірім саябақтағы шалшық суды басамын деп токқа түсіпті. Бірақ қиын жағдайға қарамастан қаланың әуежайлары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қатаң ескерту жасады
Йеменнің басым бөлігін уысында ұстап отырған хуситтер ымыраға көнетін емес. Қаруланған жасақ бұл жолы Вашингтонға доқ көрсетті. Олар, егер көршілер арасындағы қақтығысқа Америка килігетін болса, шұғыл әрекетке көшетіндерін жеткізді. Тіпті АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери нысандарына да қауіп төнетінін ескертті. Бұл қатқыл мәлімдемелер аймақтағы ушыққан ахуалға байланысты жасалды. Өйткені бұл дауға мұхиттың арғы бетінде отырған Дональд Трамп та араласып, Араб түбегіндегі жағдайды шиеленістіріп жіберуі ықтимал. Ал қос мемлекет арасындағы жанжал қып-қызыл соғысқа айналып кететін түрі бар.
Ұстаздарға билік берілді
Данияның білім саласында ауқымды реформа. Ел билігі педагогтарға ерекше жағдайларда оқушыларға күш қолдануға рұқсат бермек. Демек, енді корольдік ұстаздары сабақ аяқталған соң тәлімгерлерді сыныптан үзіліске шығармай қоюға құқылы. Яғни дәріске кедергі келтірген балаларға осындай жаза қолдануға рұқсат. Алайда бұл құжатты әлі Дания парламенті мақұлдауы тиіс. Білім министрлігінің қатаң шараға баруы тегін емес. Өйткені соңғы уақытта Дания мектептерінде оқушылардың педагогтарға бағынбай, тәртіп бұзатын, сабаққа қатыспай кетіп қалатын жайттары көбейген. Сондай-ақ жеткіншектер өздеріне ұнамайтын мұғалімге топтасып жала жауып, ата-аналарына шағымданатын оқиғалар да баршылық. Ведомство арнайы заң арқылы педагогтардың құқығын қорғауды көздеп отыр.
Ең дипломат жануар
Пілдер әлемдегі ең ақылды жануар екенін тағы бір растады. Сүтқоректілер өзара ымдасу арқылы түсінісетіні дәлелденді. Бір топ ғалым Оңтүстік Африка Республикасындағы екі бірдей ұлттық қорық аумағында зерттеу жүргізіп, таңқаларлық қорытынды шығарды. Мамандар алып жануарды толық танып-білу үшін кемі 90 сағат видеотүсірілім жасаған. Ауқымды жұмыстар барысында жануарлардың 840-қа жуық өзара түсінісуі тіркелді. Ал соңында ғылыми жоба авторлары сүтқоректілер «Жолдан кет» және «Бұл әрекетті тоқтат» деген екі сөзді 41 түрлі ыммен жеткізетінін пайымдады. Ал дабылдардың көпшілігін пілдер ұзын мұрнымен және құлағымен білдіреді. Бір таңқаларлығы, жануарлар бір-бірімен сирек жанжалдасады екен.