Мазмұнға өту
· 18 қаралым

Әйел мен сәбиін көлікпен қағып, қашып кеткен

Қызылордада бес айлық сәбиін бауырына басқан ананы көлік қағып кетті. Қатты соққыдан нәресте көз жұмып, 26 жастағы келіншек жан сақтау бөлімінде жатыр. Бұдан үш күн бұрын болған оқиғаның видеосы енді тарап жатыр. Кешкі бестер шамасында тар көшеде көлігімен құйғытқан жүргізуші бөпесін көтеріп, алаңсыз кетіп бара жатқан әйелді қағып өте шыққан. Тоқтау былай тұрсын, тіпті артына бұрылып та қарамапты. Сол күйі оқиға орнынан қаша жөнелген. Ал құзырлылар күдіктіні таппаған соң келіншектің туыстары әлеуметтік желіде араша сұраған. Қазір баланың анасы есін жия алмай ауыр халде ауруханада жатыр екен. Жақындарының айтуынша, дәрігерлер әлі 7–8 ота жасауы керек депті. Ал тәртіп сақшылары тайлы-тұяғымен күдіктіні қолға түсіруге кірісті.

РАҚЫМЖАН СҰЛТАНҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облысының полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Қалаға кіреберіс жолдарға бақылау күшейтілді.

← Барлық жаңалықтар