Жетімнің ақысын жегендер жазасын алды. Құдайдан емес, құзырлы органнан. Астанадағы «Төленді» тұрғын үй кешенін кезінде салып бітірмеген құрылыс компаниясының бұрынғы басшысы сол жолы 8 жылға сотталған-ды. 2016 жылы ол бір жарым мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырды деп айыпталған. Дәл сол кешеннің құрылысын кейін әкімдік аяқтап, баспананың бір бөлігін жетім-жесірлерге, көпбалалы отбасыларға, тұрмысы төмен осал топтарға берген. Әккі экс-құрылысшы түрмеден шыға сала сол үйді тартып алудың жаңа айласын ойлап тапқан.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ол үшін шын мәнінде үлескер болмаған және пәтер сатып алмағандардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар жасап, құжаттарды өткен күнмен рәсімдеген. Осы жалған үлескерлердің атынан алаяқтық жасалғаны туралы арыздар берген. Сол арыздардың негізінде қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші деп танылған. Қылмыстық топ сот шешімін пайдаланып, пәтерлерді өз атына рәсімдеген соң оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөліспек болған.
Тергеу барысында қылмыстық әрекетке 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған. Осылайша, қылмыстық топ жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемденбек болған. Бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды. Қазір 19 адам ұсталып, олардың 250 миллион теңге тұратын мүлкі бұғатталды.