Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Алматылықтар автобус пен метроға сыймай жатыр

Алматы тұрғындары автобусқа да, метроға да сыймай жатыр. Сағаттап күткені аздай, қоғамдық көліктің есігінен әрең кіріп, бір аяқпен тұрып барады. Әсіресе, таңғы және кешкі қарбалас уақытында екі-үш рейсті өткізіп барып, әрең ілеседі, бір-бірін итеріп. Бұл мәселені шешу үшін бірдеңе істеп жатқан біреу-міреу бар ма?

ШАЛҚАР МҰҚАЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазірдің өзінде адам көп, үлгеруім керек, адам көп, метроға бара берейін, иә?

Бір рейстен қалып, екіншісіне жүгірген тұрғын күнделікті метромен жүреді. Жердің астында кептеліс жоқ, жұмысқа кешікпеймін дейді. Бірақ отырып бару арман, сыйсаң қуанасың, кейде тапталып қаласың. Таңертеңгі және кешкі уақытта ығы-жығы адам көп.

Жердің асты түгілі үсті де оңып тұрған жоқ. Қарбалас уақытта ғана емес, тапа-талтүсте де қоғамдық көлікке сыймай, автобустың есігіне қысыласың. Оның үстіне күзде студент пен туристер көбейеді. Оқушылар айтпаса да белгілі. Жұрт маршрут аз деп азар да безер. Әсіресе, қала іргесіндегі аудандардан қатынап жұмыс істейтіндер ауылдарына тек ұйықтауға ғана барады.

«Ой, біз мүлдем сыймай қаламыз. Ұлжанда тұрамын мен, мысалы, жарты сағаттан бері күтіп тұрмын».

«Қазір кептелістің кезі емес, күндіз ғой, мысалы. Қане, автобус көріп тұрсыздар ма?»

Ал екі миллиондық мегаполисте күніне 3200 автобус желіге шығады екен. Арасының ұзарғанын шенділер дым бітпейтін кептелістен көріп отыр. Тіпті қарбалас кезде қосымша маршруттар да дайын дейді.

ЕРЖАН ШЕГЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Кептеліске байланысты автобустың қозғалыс аралығы кестелері бұзылады. Автобустардың саны бүгінгі таңда азайған жоқ. Керісінше, қарбалас уақытында қажет болған жағдайда қосымша автобустар желіге шығарылады. Төленіп жатқан субсидия көлемі бекітілген автобустардың санына әсер етпейді.

Алматылықтар автобустың кешіккенінен де аса проблема көріп тұрған жоқ. Тек сыймай, қойды қораға қамағандай қысылатындарына қапалы. Сондықтан 3200 қоғамдық көлік жетпейтінін шенділер түсінсе екен дейді. Ал метрода әзірге 15 вагон қатынап жатыр, болашақта тағы 10 вагон қосу жоспарланған.

← Барлық жаңалықтар