Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Анестезиологтың бір күні

Бүгін дүниежүзі анестезиологтар күнін атап өтіп жатыр. Өйткені осы күні хирургиялық операциялар мен қарқынды терапияның ешбірі оларсыз өтпейді. Кескенді де білдірмей, тіккенді де ауыртпай алып шығатын мұндай дәрігерлердің еңбегі орасан.

Айнұр Жүгінісқызының жұмысы үлкен мен кішіні талғамайды. Анестезиолог маман ота үстелінде жатқан науқас ауруды сезінбес үшін 26 жылдан бері барын салып жүр. Тағы бір міндеті – хирургтің алаңсыз операция жасауына жағдай жасау.

АЙНҰР АХМЕТОВА, АНЕСТЕЗИОЛОГ:

Адамның өмірі ғой. Біздің қолда ол. Бәрі ойлайды: «Анестезиолог наркоз берді, болды. Оны көрмейді. Қалғаны хирургтің қолында». Шын мәнінде анестезиолог басынан аяғына дейін отырады. Өйткені наркоз кезінде пациенттің есі болмайды. Көктамырішілік наркоз болады, жалпы наркоз болады. Динамикасын, параметрін – бәрін бақылауы керек анестезиолог.

Мысалы, бүгін Айнұр Жүгінісқызы қызмет істейтін травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында 54 операция жоспарланған. Соның кемінде 5-еуіне өзі қатысады. Жұмыс онымен аяқтала қоймайды.

АЙНҰР АХМЕТОВА, АНЕСТЕЗИОЛОГ:

Мына жерде жоспарлы операциядан кейін торакопластика. Оны қадағалауымыз керек. Өйткені кеуде қуысына жасады. Металл қойды. Жағдайын толық қадағалаймыз. Монитор болады бізде. Сосын ауырсынуды басу 24 сағат жүреді. Өйткені ең ауыр, ең алатын кезең – операциядан кейінгі бірінші күн ғой.

Зибагүл әжей де – осындай ақ халаттылардан араша сұрап келген жандардың бірі. Қос тізесінен күш кеткен соң, операция жасауға бекінген. Былтыр да, осы жолы да ота сәтті өтті деп дән риза. Әрі анестезиологтардың да қажырлы еңбегі зор дейді.

ЗИБАГҮЛ АБЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Анестезия деген өте керек нәрсе ғой. Көзің бақырайып қашанғы жатасың? Тісті жұлғанның өзінде ауырсынуды басады. Ол да анестезия ғой. Ал мұнда бір жарым сағат оны көрмейсің. Өйткені белден береді. Бірден тамырын тауып алды. Бірден салды. Жас балалар болды.

Иә, анестезиологтардың еңбегі көзге көріне бермейді. Алайда адам өмірін арашалау үшін күнде жанталасатынын ұмытпаған жөн.

АЙНҰР АХМЕТОВА, АНЕСТЕЗИОЛОГ:

Бізде бөлімшеде 12 операция бөлмесі бар. Әр операция бөлмесінде бір-бір анестезиолог, бір анестезист болады. Әр операцияның салалары бөлек қой. Операция уақыты да әртүрлі. Бір операция бір сағат болса, кейбір операциялар 7-8 сағат болады. Онда да анестезиолог өзі болады, басынан аяғына дейін.

Осылай олар жылына кемінде 1000 шақты отаның басы-қасынан табылады екен. Өздерінсіз бірде-бір адамның пышаққа түспейтінін де жақсы біледі. Сондықтан болар, бұл мамандық жай қызмет емес, үлкен жауапкершілікке айналған.

← Барлық жаңалықтар