Әзербайжан мен Арменияға сапарлап келген Президент бас қала төсінде Камбоджадан жеткен қонақты қарсы алды. Мейманнан бір сәт те арылмаған мегаполиске аталған елдің Корольдігінің Премьер-министрі табан тіреді. Әуе қатынасы, сауда-саттық һәм цифрлық үкімет салалары сөз болған жиын өтті.
Ақордада Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті ресми қарсы алу рәсімі өтті. Бұл Камбоджа Премьер-министрінің Қазақстанға алғашқы сапары екенін айта кетейін. Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына биыл 32 жыл толды. Келіссөзде тараптар саяси диалогты дамытып, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауды ұсынды. Келіссөзде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мен энергетика саласындағы ықпалдастықты кеңейту де сөз болды.
ХУН МАНЕТ, КАМБОДЖА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр.
Цифрлық үкімет саласындағы тәжірибе алмасу – ынтымақтастықтың тағы бір бағыты. Биылғы қаңтар–шілде аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 29,1 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті.
ХАН ЧУАН НАРОН, КАМБОДЖА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Камбоджа Қазақстанның экономикалық даму қарқынын жоғары бағалайды. Қазақстан Орталық Азияда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ Еуропалық одақ, АҚШ, Жапония және басқа мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуда маңызды алаң саналады. Қазақстан — даму қарқыны жоғары, халқы жас мемлекет. Мұнай мен табиғи ресурстар ел экономикасында маңызды орын алады. Ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған.
Камбоджа тарапы Қазақстанмен білім беру, цифрландыру және ауыл шаруашылығы бағыттарында байланыс орнатуға мүдделі. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ынтымақтастық та екі елді жақындастырады: Камбоджа ұйымға 2011 жылы толыққанды мүше болған. Сапардың күн тәртібі кеңейіп келе жатқан саяси диалогты нақты салалардағы әріптестікпен толықтыруға бағытталған.