Қым-қуыт тірлікте кейбір жанның кеселі асқынып, келместің кемесіне мінетін күні жақындайды. Дәрігерлердің диагнозы шақшадай басын шарадай етіп, шырағы сөніп бара жатқан жанға ешкімнің сөзі ем болмасы анық. Бірақ күдері күл, жігері құм болғанның көңілін тауып, қайғырған жанға кеңес беретін мамандар бар екен. «Өлім доуласы» өлшеулі ғұмырының соңғы күндерін санап жүргенге ақпараттық, рухани һәм психологиялық дем беріп, әңгіме-дүкен құрады. Өлерін білетін адамға бұл шынымен көмек бола ма?
Балалар үйінің түлегі Мадам Әубәкірова талай қиындықты жалғыз ағасымен бірге еңсерген. Есейе келе бір-біріне демеу болған қос бауырды ауыр дерт ажыратты. Ағасының өмірден өткеніне жарты жылдан асыпты. Кезінде бауырының емі үшін күндіз-түні еңбек еткен кейіпкеріміз бүгінде жалғыз қалды.
МАДАМ ӘУБӘКІРОВА, ӨЛІМ ДОУЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚОЛДАНҒАН АЗАМАТ:
Ағамнан айырылғаныма жарты жылдан асты, өмірінің соңғы сәттерінде бірге бола алмадым. Әрине, өкінемін. Паллиативті бөлімшеде біраз уақыт жатты. Одан соң жалдап тұрған пәтерімізге алып кеттім. Дәрігерлер маған жалғыз ағамның аз ғана уақыты қалды деп айтты. Бұны естіген соң қасында қалып қарайтын адам іздедім. Өйткені соңғы сапарға дайындалу, күнделікті қажеттіліктерін алу үшін жұмыс істеу керек болды.
Науқас ағасына күтім жасап, тығырыққа тірелген шақта Мадамға «өлім доуласы» көмекке келген. Алайда отандық нарықта бұл мамандар өте тапшы болғандықтан, оны табу оңайға соқпапты.
МАДАМ ӘУБӘКІРОВА, ӨЛІМ ДОУЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚОЛДАНҒАН АЗАМАТ:
Желіні шарладым, бауырыма күтуші қарадым, көп адам келісе қоймады, өйткені жаман аурумен ауырған жанға көбісі келісе қоймайды. Ал кейін желіні шарлап, өлім доуласы бар екенін таптым. Ол мен іздеген маман болып шықты. Ағам өмірден өткенше жанында болып, ақтық сапарына дайындады. Содан ба екен, жалғыз жанашырымның соңғы демі үзілгенде, ол өлім сәтін күліп қарсы алды. Әрі орны толмас қазадан қайғырып, қан жұтып жүргенімде психологиялық көмек көрсетті.
Ауыр қазадан қабырғасы қайысқан Мадамға психологиялық қолдау көрсеткен де – сол доула. Бұл ұғым біздің қоғам үшін тосын болғанымен, шетелде кеңінен танымал. Негізгі міндеті қандай? Ажал аузындағы жандарға сүйеу болатын мамандар өз жұмысын екі бағытқа бөліп қарастырады.
КРИСТИНА КУЦЕНКА, ӨЛІМ ДОУЛАСЫ:
Біздің салада екі түрлі бағыт бар: «To be» және «To do». «To be» – бұл өмірден өтіп бара жатқан жанның қасынан табылатын маман. Біз оның ішкі уайымын, толқынысын бойымызға сыйдырып, сырын ақтара алатын қауіпсіз орта сыйлаймыз. Қажет болса, кеңес береміз, кітап оқып, әндер қосамыз, бірге серуендейміз. Ал «To do» – бұл практикалық көмек. Яғни тамақ пісіру, үйді жинау, дәрі-дәрмегін уақытылы ұсыну сияқты тұрмыстық шаруаларға жәрдемдесеміз. Алайда біз дәрігердің орнын баспаймыз және өзімізше ем-дом тағайындамаймыз.
Жалпы, Қазақстан бойынша сертификатталған небәрі 4 өлім доуласы бар. Кристина – осы бағытты отандық нарықта алғаш бастағандардың бірі. Оның айтуынша, қоғамда сұраныс болғанымен, бұл сала бізде әлі де кенжелеп тұр.
КРИСТИНА КУЦЕНКА, ӨЛІМ ДОУЛАСЫ:
Өкінішке қарай, бұл біздің елімізде дамымаған. Тіпті паллиативтік орталықтарда да мұндай көмек көрсетілмейді. Біз тек кеңесші ретінде жұмыс істейміз. Өйткені жұртшылық бізге, ең алдымен, жерлеу қызметін ұйымдастырушы ретінде хабарласады. Негізгі екі сұраныс болады. Біріншісі – байланысқа шыққан жанның әлдебір жақыны науқастар бөліміне түскенде, қалай әрекет етерін білмей іздейді. Екіншісі – өлім жағдайы тіркелсе, жақындары аза тұту сәтінде еңсесі түскенде «қаза доуласы» ретінде шақырады. Сондықтан негізгі міндетім – адамды қаралы кезеңнен аман алып шығып, қайтадан жаңа өмірге үйрету.
Түсірілім тобы кейіпкер меңзеген паллиативтік орталыққа да арнайы барып қайтты. Дәрігерлермен тілдестік. Бұл стационар – ота мен дәрі-дәрмек көмектеспейтін, соңғы сатыдағы науқастардың мекені. Түсінгеніміздей, мұндағы жандарға доуланың көмегі ауадай қажет. Бірақ, өкінішке қарай, ресми медициналық жүйеде мұндай қызмет түрі атымен жоқ.
АХИҚАТ ҚУАНЫШБАЙ, ДӘРІГЕР-ОНКОЛОГ:
Бізде, өкінішке орай, ондай қызмет жоқ. Бізде туысқандармен сөйлесу, пациенттің өзімен сөйлесу – барлығы осы жердегі медициналық бригаданың мойнында.
Десе де, өмірден өтіп бара жатқан жанға «аз уақытың қалды» деп тікелей айту дәрігерлердің өзіне де оңай емес. Сондықтан олар бұл хабарды ең алдымен науқастың жақындарына естіртеді. Осылайша, қаралы сәтке туған-туыстарын іштей дайындайды.
АХИҚАТ ҚУАНЫШБАЙ, ДӘРІГЕР-ОНКОЛОГ:
Көп сәтінде бізде уақыты аз қалған кезде туысқандарына алдын ала айтамыз. Жағдайы нашарлады, осындай-осындай жағдай болуы мүмкін деп, болжамды айтамыз.
Мұндай қызметтің мән-жайын түсінген отбасылар дәл осы шешуші сәтте доулаға жүгінеді. Білікті психологтар да ажалмен бетпе-бет келген жанды жалғыз қалдыруға болмайтынын айтады. Өйткені қиын сәттегі жылы сөз бен демеу – ішкі үрейді сейілтіп, науқастың жанын жеңілдетеді.
САЯЖАН ТӨЛЕГЕНОВА, ПСИХОЛОГ:
Бүкіл эмоцияны шығару керек сөйлесу арқылы. Жалғыз қалмауы керек. Әдетте жақындардан қашады ғой адам. «Маған ешқандай көмек керек емес. Өз-өзіммен қалайын. Маған тиіспеңдер» деген сөз. Бұл жерде жақындардан қашпау, жалғыздықтан қашу керек. Ұзақ мерзімде жалғыздықта қалмау керек.
Яғни мамандардың байламы бір: өмір мен өлім арасында арпалысқан жан ішкі күйзелісін сыртқа шығарып, жақындарына сырын ашуы тиіс. Алайда бұл қызметтің қоғамда енді бой көтеруі діни тұрғыдан түрлі сұрақ тудырары анық. Сонымен, ажал аузындағы адамға мұндай рухани қолдау көрсетуге шариғат не дейді?
БАУЫРЖАН ӘБДУӘЛІ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Мына өмірінің соңындағы науқасқа психологиялық және рухани қолдау көрсету болса және де жаңағы жалғыздық сезімін жеңілдету, жақындарымен жақсы қарым-қатынас реттеу болатын болса, оған шариғатта ешқандай тыйым жоқ.
Бұл игі амал халқымыздың байырғы салт-дәстүрімен де үндесіп жатыр. Себебі бабаларымыз да ажал құшқалы жатқан жанның соңғы демін жеңілдету үшін белгілі бір жоралғыларды ұстанған. Ұлттық этнографияда бұл сәт қалай сипатталады?
ҚАЛЖАН РАХЫМЖАНОВ, ЭТНОГРАФ:
Негізі, мынау төсек тартып тұрған кезде, егер біз алдын ала білетін болсақ адамның қайтатын уақытын енді шамалап, негізі, сол уақытта қатты қайғырудың қажеті жоқ дейді. Ол қанша жақын болса да, бірақ сен соған дайын болып, жаңағы дауыс шығарма дейді. Екіншіден, дәл осы жаңағы хал үстінде жатқан адамның кезінде, негізі, есік-терезені ашып қояды, ол адамның рухы денесінен тез-тез шықсын деп.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Күз келсе, сарғайған жапырақтың үзіліп түсуі – табиғаттың бұлжымас заңы. Адам ғұмырының соңы да дәл осы жапырақ тағдырына ұқсайды. Алайда бұл өткелден қиналмай, сабырмен өту үлкен адами мейірімді қажет етеді. «Өлім доуласы» деген ұғымның артында дәл осы қамқорлық жатыр. Дәрігерлер науқастың өмірі үшін соңғы секундқа дейін арпалысса, доулалар өмірден өтпек жанның соңғы сәттерін жеңілдетуге тырысады. Өйткені әрбір өмір сияқты, әрбір өлім де құрметке лайық.