Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Такси нарығындағы тәуелділік

Танымал такси қосымшасындағы күтпеген ақаудан мыңдаған адам тырп ете алмай қалды. Жолаушы тасымалымен тиынын тауып жүрген жерлестеріміздің қалтасы да, жүйкесі де жұқарып тынды. Қиын сәтті қара басының пайдасына шешуді ойлаған өзге сервистегі пысықайлар жолақы құнын күрт қымбаттатып, бірер күн бұрын жауапты органнан сөгіс естіп алды. Такси нарығындағы бұл тығырық үлкен мәселенің шетін шығарды. Осындайда ойға оралып, олқылықтың орнын жабатын отандық платформаның жоқтығы көптің жанына батты. Осы жылдар бойы өз өнімімізді жасап шығаруға не кедергі болды? Қызметі келісті, болашағы өрісті қазақстандық қосымшаны қашан көреміз?

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Халық жиі қолданатын такси қосымшасы істемей, жұрт діттеген жеріне жете алмай әбігерге түсті. Платформаны пайдаланып, нәпақа тауып жүргендер де сан соғып қалды. Сөйтсе, көрші елдегі орталықтар істен шығып, оның салдары Қазақстанға да әсер еткен.

Ашық дереккөздерде платформаға тиесілі 5 орталықтың үшеуіне дрон шабуылы болған. Өкілдері жұмысты қалыпқа келтіру үшін бар күшімізді салып жатырмыз деп ақталды. Мамандар бәрін қалыпқа келтіру үшін бірнеше күн емес, тіпті жарты жыл қажет болады дегенді алға тартуда. Жүйедегі ақаудың салдарын көргендердің бірі — Ақгүл Шәріпова.

АҚГҮЛ ШӘРІПОВА, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Навигация сызылмады. Жолды көрсетпеді. Қай бағытта жүру керектігін. Сосын тапсырыс түсіп жатқан кезде «қабылдаймын» дегенді басайын дегенде қабылданбай жатады. Кейбір бұғатталған аккаунттар бар ғой таксистердің. Олардың барлығын еркіндікке жіберді. Яғни жүйесі нашарлағаны соншалықты, ол жерде барлығы еркіндікке шығып, жолаушылар тарапынан да сондай ақаулықтарды байқадық. Ақша шешілмей жатты. Қайта-қайта шешуге жолдаймыз. Бірінші күні сондай болды.

Кезінде монополия белгілері бар деп танылған платформа тоқтаған соң өзге агрегаторлардың бағасы бірден еселеп қымбаттады. Бәсекелестікті қорғау агенттігі әзірге ескертумен шектелді.

ҚР БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ:

Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес, монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша алдын ала ескерту жолдады. Агенттік бұл ескертудің алдын алу сипатында екенін және оның ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға әрі такси агрегаторлары қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді.

Бұл мәселенің бұқараның бас ауруына айналып, күнделікті қоңыр тірлігін бұзғаны анық. Осы ретте өзге елге жалтақтай береміз бе, өзіміздің сервисті дамытып, балама нұсқаны дамытайық деген бастамалар жиі айтыла бастады.

SALTANAT TURAROVA:

Осыны пайдаланып өз таксиімізді шығару керек шығар.

АЛДАБЕРГЕН КЕМПІРБАЕВ:

Қаншама адам табыс тауып отырған сервис қой. Шұғыл түрде өзіміздің такси қызметін ашсақ!

BERSUGUROVVV:

Достар, өзіміздің отандық таксопарктерді қолдайық! Бірлігіміз жарасса, өз еліміздің қызметін бірге дамытамыз.

Бізде өзі қанша платформа, таксопарк бар екен? Бір емес, ел бойынша 7 мыңнан аса жолаушы тасымалдаушы ұйым тіркеліпті. Оның ішінде қаншасы онлайн-платформа арқылы жұмыс істейтіні беймәлім. Өйткені ондай санақ жүргізілмейді. Көлік министрлігіндегілер бұл салада монополия жоқ дейді.

ЖӘДІГЕР ТІЛЕГЕН, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Ірі 3 такси агрегаторы бар. Ол бәсекелестік орта. Мұнда мемлекеттік ұйымдар жоқ. Таксиге тапсырыс беретін қосымшаларда барлығы 100 пайыз жеке кәсіпкерлік. Мұнда монополия деген жоқ. Бір қосымша жұмыс істемесе, басқа қосымшалар бар.

Танымал сервистегі ақау біраз отандық платформа жасақтаушының желіде белсенуіне түрткі болды. Осы сәтті пайдаланып, өз өнімдерімізді қолдайық, бірігейік деп жатыр. Дегенмен сервис сай болмаса, құр ұранмен алысқа бара алмайсың.

ДУМАН БАҚЫТКЕЛДІ, КӘСІПКЕР:

Картасы дұрыс ашылмай жатса, функциялары дұрыс емес, ішіндегі төлем жүйесі дұрыс болмаса, сен отаным, қазағым, қазақстандық өнім екен деп патриоттықпен кіргенмен, ішінде соған лайықты қолдануға сай болмай қалса, бұл көп адамның көңілін қалдырады.

3 жыл бұрын осы бағытта платформа жасауды бастаған кәсіпкер Думан Бақыткелдінің есебінше, тек жолаушы тасымалы ісінде жыл сайын 500 млрд теңге шетелге кетеді екен. Саладағы соңғы жайт отандық тасымалдаушылар үшін таптырмас мүмкіндік дейді. Мемлекет тарапынан қандай қолдау күтесіз деп сұрап едік.

ДУМАН БАҚЫТКЕЛДІ, КӘСІПКЕР:

Мемлекет тарапынан, қалай айтса екен, көптеген кедергі келтірмесе бізге, соның өзі үлкен қолдау болады. Мысалға, бірден басталған кезде әртүрлі айтылатын ақпараттар бар ғой. Қазақстандық осыған дейін қаншама таксопарктер, отандық өнімдер болды, бірақ мемлекет тарапынан көмек берілмеді керісінше деп. Менің ойымша, бұл болмайды деп ойлаймын. Қазір Қазақстан өзіне қарата жеке 35 жылда өз мүмкіндігімізді, өз дата орталықтарымызды арттырып жатырмыз. Сондықтан өз өнімдерімізді біздің мемлекет те қолдайды деген үміттемін.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Олар Қазақстанға бүкіл дата орталықтарын көшірді деді. Көшірсе, біздікі неге тоқтап қалды? Сонда көшірмеген боп тұр ғой. Сонда қаржы жүйесі бар, өткенде төлемдер тоқтап қалды. Тапсырыс жүйесі бар, қандай себеппен тоқтады? Соған қарағанда мүмкін кезінде жалған ақпарат берді ме.

Көптің көкейінде барлық мәліметтер Қазақстанда сақталғаны қайда деген сұрақ туындады. Көп ұзамай цифрлық даму министрлігі мән-жайды түсіндіріп көрді.

ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ:

Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алайда бұл платформаның барлық бөлігі өз алдына дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтеріне қажетті жекелеген компоненттер Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан. Пайдаланушылар үшін сервистердің үзіліссіз жұмыс істеуі бірінші кезекте маңызды. Сондықтан деректерді Қазақстан аумағында орналастыру және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – кешенді шешуді талап ететін екі бөлек міндет.

Кезінде Мәжілісте депутат болғанымызда арнайы заң жазған болатынбыз дейді Мұрат Әбенов. Алайда жоба әлдебір себептермен орта жолда тоқтап қалған. Цифрлық сала қарыштап дамып жатқанда платформа жасау не тәйірі деген пайымда.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Жасанды интеллект бар деп мақтанып айтамыз. Суперкомпьютер Ресейден кем емес бізде бар. Мемлекет қанша ақшасын жұмсады. Қазақстанды мақтанып айтамыз дүние жүзінде біз жасанды интеллект, біз цифрландыру дейміз. Оның қасында такси жасау оп-оңай. Бірақ жасамайды. Неге? Үкіметте лоббистер отыр. Біздің Үкімет басшылары шетелдің платформасын тықпаштап, біздің жергілікті компанияларға кедергі жасап жатқанын көріп жүрміз, оны мойындауымыз керек.

Мәжілісте де депутат болған, қазіргі Құрылтайдан да мандатқа ие Тілектес Адамбековты сөзге тарттық. Пайымынша, мемлекет өзі платформа жасап, қаржы шығындамауы шарт. Монополияны қолдан туғызамыз дейді. Қолдаудың өзге жолдарын қарастыру жағын бастама қылып көтермекші.

ТІЛЕКТЕС АДАМБЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Өзіміздің платформаны дамыту үшін бізде субсидиялар істеуге болады. Қандай субсидиялар? Өздеріңіз білесіз, мына ақпараттық жүйені сақтау, бұлт дейді ғой. Сондайларды субсидия түрінде көмектесу, одан басқа жасанды интеллектінің бізде әртүрлі дағдылары бар ғой. Соларды қолдану, сондай дүниелерді төмен бағамен беру, ол біздің қазақстандық платформаларға көмектесіп, үлкен бір әсерін тигізеді.

Жолаушылардың да, оларды тасымалдайтындардың да қауіпсіздігі бірінші орында болуы шарт. Осы негізгі талаптар сақталатын нормаларды депутаттар жақында қарастыруды жоспарлауда. Ұялы телефоннан шығатын платформа жасау аса қиын емес. Алайда қолданушыларды бір-бірімен байланыстыру, төлем жүйесін реттеу секілді алгоритмдерді әзірлеу күрделі шаруа. Кемі жарты жылдай уақыт кетеді. Бар мәселе екі нәрсеге кеп тіреледі дейді маман.

ЕДІГЕ РАДОЛДА, ІТ-МАМАН:

Біріншіден, қаржылық қолдау. Одан кейін біздің мықты мамандар шетелге кетіп жатыр. Гугл, Фейсбук секілді мықты компанияларға өзін жетілдіру үшін. Осы екі себеп деп ойлаймын. Одан бөлек қолдау қызметіне көбірек қаржы бөлу керек.

Платформа жасалды делік. Енді оны танытуға да біраз тер төгу қажет. Шамамен бір жылға жоспарланған ауқымды маркетингтік стратегия үшін орташа есеппен 500 млн теңге әзір тұруы тиіс дейді мамандар. Демек, инвесторларға үміт арту қажет. Алайда біздегі компаниялардың көбі қаржысы болғанымен, жарнамаға аса мән бере бермейді дейді саладағы сарапшылар.

АЙДЫН ЖАНАЙ, КОНТЕНТ-ПРОДЮСЕР:

Бұл тек таксиге қатысты емес, жалпы Қазақстан, өзім осы салада жүргеннен кейін бізде маркетингке өте аз ақша бөлінеді. Қазір өзіңіз көресіз, инстаграмда, тик-токта күніне жүз мыңдаған видеолар салынады. Соның арасында сіздің видеоңыз назар алуы үшін сіз көбірек қаражат бөліп, адам көп көрмеген, болмаса басқалар істемеген контент істеу керек. Ал бізде көбінесе бір трендті қайталап, сөйтіп түсіре береді.

Жолаушы тасымалында жүргендер отандық платформаларға көшуге әзір. Бірақ сұраныс бола ма, үздіксіз тапсырыс түсе ме? Мәселе осыда.

АҚГҮЛ ШӘРІПОВА, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Отандық өнімдер осы бір апта көлемінде бірнеше түрлі болып ашылды. Өзіміздің елге бұйырсын деген ниетпенен қолдауға, әрине, әр қазақ дайын. Бірақ бір қиындық туғызатыны, қайсысы сынақтан өте алады? Іс жүзінде қайсысы тоқтаусыз, жүйелі жұмыс жасайды? Бұған әзір кепілдік болмағандықтан, қорқасоқтаймыз. Екінші мәселесі – оның ішінде біз апаратын жолаушылар саны қаншалықты? Яғни тапсырыстар үзіліссіз бола ма, жоқ па? Себебі оларда біз тапсырыс күтіп қалсақ, ай сайынғы келіп тұрған өмір сүру шығыны. Ол күтіп тұрмайды.

Бір платформаның істен шығуы тұтас саланың осал тұсын ашып берді. Отандық баламаға сұраныс бар. Бірақ сұраныстың болғаны жеткіліксіз. Жолаушыға қолайлы, жүргізушіге табысты, жүйесі тұрақты сервис қажет. Оны жасауға қаржы да, маман да, уақыт та керек. Ең бастысы, ел сенімін ақтайтын өнім болуы шарт. Өйткені отандық платформаға патриоттық сезіммен бір рет кірген қолданушыны тұрақты ұстап қалатын нәрсе жарнама да, жалаң ұран да емес. Сапа екені түсінікті.

← Барлық жаңалықтар