Мазмұнға өту
· 20 қаралым

Жетісу облысында жүгері жинау науқаны басталды

Жетісу облысында жүгері ору науқаны басталды.

Әсіресе Панфилов ауданында жұмыс қызып жатыр. Өйткені мұнда үш мыңға жуық шаруа қожалығы дақылдың осы түрін өсіреді. Биыл диқандар «Пионер» сұрпын егіпті. Ауа райының қолайлы болуы да мол өнім алуға мүмкіндік берген. Қазірдің өзінде 800 тоннаға жуық жүгеріні жинап үлгерген.

Ерлік Оразбаев, Шаруа қожалығының жетекшісі:

500 гектар жүгері егеміз. Оның ішінде 100 гектардай сүрлемдік жүгеріміз бар. Әр гектардан 11–12 тонна өнім аламыз. Біздің шаруашылықта 50 шақты отбасы жан бағып отыр. Он шақты тракторымыз, 4 комбайнымыз бар. Қазір 700–800 тоннадай ғана өнім жинадық. Енді бастап жатырмыз, төрт-бес күн болды.

Сондай-ақ өнімді шашау шығармай жинауға жаңа техника да септігін тигізген. Шетелден жеткізілген заманауи комбайндардың мүмкіндігі мол дейді шаруалар. Мәселен, бір күнде бірнеше гектарды орып шығады. Бұл өз кезегінде науқанды уақытында аяқтауға мүмкіндік бермек.

Марат Ыбырайымжанов, Комбайншы:

Техникаларымыздың бәрі жаңа. Бұл — компьютермен жабдықталған техника. Жүгерінің ылғалдылығын, гектарын, жұмыс уақытын — бәрін көрсетіп тұрады. Ақылды комбайн. Мен сияқты 7–8 әріптесім бар. Олар басқа егістік алқаптарында жұмыс істеп жатыр.

Жанар Арғын

← Барлық жаңалықтар