Альфалар бұрынғы жазу үлгісін жоққа шығарып жатыр. «Ол қалай?» — деп ойланып отырған шығарсыз. Биыл әріп таныған жас буын оны дәптерге кері жазып, ата-аналарын таңғалдыруын қояр емес. Бұл жалпы ертеден бар нәрсе ме, әлде қазіргі буынның қабілеті шынымен бөлек пе?
Биыл әлеуметтік желіде әріпті осылай өзгеше жазатын бірінші сынып оқушыларының видеосы көп тарады. Көпшілігі альфа ұрпақтың ерекшелігі шығар деп шырамытты. Сандарды төменнен жоғары жазатындарды да көрдік. Астаналық Мархаббат ханымның 2-сыныпта оқитын ұлы да цифрларды басқаша белгілейді. Солақай әрі өзіне ыңғайлы болған соң солай таңбалайды екен. Қазір каллиграфиясын жөндеуге ден қойыпты.
МАРХАББАТ АУСАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бірді солай жазады, екіні ерекше жазады. Жеті, сондай, сондай, сегізді де астынан үстіне қарай жазады. Сандарды теріс жазғанымен, математикаға қабілеті өте керемет. Қазірдің өзінде үлкен сандарды қосу, көбейтуді жақсы біледі. Қабылдай алмай, санды түсіне алмай жатса, онда араласуға болар еді. Бірақ ол санды олай жазғанмен, жақсы қабылдап тұр.
Енді қандай дыбысты естіп тұрмыз? Ааа. — Ол қандай дыбыс? — Дауысты.
Сөйтсек, әріптерді солдан оңға немесе төменнен жоғары қарай қағазға түсіру үрдісі бұрыннан бар екен. Тек кейінгі кезде ондай жеткіншектер көбейген. 35 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып жүрген Тәттігүл Есентайқызының пікірінше, қазір жазу үлгісін көрсететін платформалар көп. Бала содан да қаріптерді түрліше таңбалауы мүмкін.
ТӘТТІГҮЛ ПШАНОВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
Бұрынғы кезеңде оқушының назары тек мұғалімде болатын. Мұғалім қандай үлгі көрсетті, жазу үлгісін әріптің, соны балалар тез қабылдап алатын. Мұғалімді үлгі тұтатын. Мұғалім идеал болатын. Ал қазіргі кезде интернет желісінің дамып бара жатқаны, цифрлық құрылғылар бізде көп. Балалар өздігінен жазу ережелерімен танысып, өздерін өздері дамытып жатқан балалар бар.
Бірақ білікті маман ғаламтор желісіндегі үлгілердің бәрі дерлік ережеге сай бола бермейді дейді. Сондықтан баланың ойын бір арнаға шоғырландырмайды. Оның үстіне бүлдіршіндердің дұрыс жазуы қол моторикасының дамуына да тікелей байланысты.
ТӘТТІГҮЛ ПШАНОВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
Балалар егер теріс жазып жатса, бағыттарын дұрыс салмай жатса, оны дер кезінде түзеткен дұрыс деп ойлаймын. Өйткені біз бір ғана әріпті жазып қоймаймыз ғой, ол келесі әріппен байланысуы керек. Егер де дұрыс ережені сақтамай жазатын болса, жазған әрпін келесі әріппен байланыстыра алмайды. Сондықтан ары қарай оның каллиграфиясы дұрыс болмауы мүмкін.
Ал дефектологтар мұның кемшілікке де, ерекшелікке де жатпайтынын айтады. Дисграфия, яғни жазудың бұзылысы деуге де келмейді. Өйткені оқушы қалай жазса да, таңбалануын біледі. Тек 8-9 жастан асқанда әріптер мен сандарды теріс, қарама-қайшы белгілейтін болса, дабыл қағу қажет.
ГҮЛДАНА МҰРАТҚЫЗЫ, ЛОГОПЕД-ДЕФЕКТОЛОГ:
Мысалы кейбір балалар болады бізде. З әрпін, үш санын кері салып қояды. Бірақ ол баланың ақыл-ой қабілеті төмен дегенді білдірмейді. Егер 7-8 жастан асқанда әріптерді тұрақты түрде кері жазатын болса, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Мұндай жағдайда бала жазуға немқұрайлылық танытады. Тапсырмаларда өте көп қате жібереді. Әріптерді, сандарды жазғанда шатастырады. Ол кезде баланың үнемі қате жіберуі психологиялық тұрғыда өзіне сенімсіздік тудырады.
Сондықтан мұндай кезде ата-ана сабыр сақтап, баланың сағын сындырмай, шыдам танытып қадағалауы керек, дейді мамандар.
ГҮЛДАНА МҰРАТҚЫЗЫ, ЛОГОПЕД-ДЕФЕКТОЛОГ:
Балаға ұрысуға, айқайлауға, неге дұрыс жазбадың деп қайта-қайта мәжбүрлеп жаздыруға болмайды. Баламен дұрыстап сөйлесіп, үйде күнделікті тапсырмаларды орындауы қажет. Әріптерді үйреткен кезде, А әрпін үйрететін болсақ, мысалы, бірінші ауада жазғызып, кейін арнайы тақтада жазғызып, ермексаздың көмегімен жазып үйретсе, балаға көп көмек береді.
Демек, жазудың қалыптасуы баланың қабілетінен бөлек, ата-ана мен мұғалімнің қолдауы мен жүйелі жұмысына да байланысты. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бүлдіршінге немқұрайлы қарамай, мұндай ерекшеліктерді сүзгіден өткізуді естен шығармаған жөн.