Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Әл-ауқатты бағалау: әр отбасы өз санатын анықтай алады

Көп адам нақты қай топқа жататынын білмей басы қатқан еді. Енді арнайы калькулятор арқылы өз табысын өзі есептей алады.

«Әл-ауқат» калькуляторы дүние-мүліктен бөлек, азаматтардың әлеуметтік жағдайын да бағалайды. Күні кеше іске қосылған арнайы есептеу жүйесінде әрбір азамат өздерінің әлеуметтік жағдайын тексере алады. Ол үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, бастапқы беттегі «Әл-ауқатты бағалау калькуляторын» таңдау қажет.

Мұнда отбасының құрамы мен табысы, қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың бар-жоғы, дүние-мүлікке қатысты барлық мәлімет көрсетіледі. Бұл калькуляторда отбасының деңгейі өзіңіз берген ақпаратқа сәйкес есептеледі.

Бес баланың анасы Меруерт Абдыханова бүгінде екі бірдей жәрдемақы алып отыр. Оның бірі бала күтіміне байланысты, екіншісі — көпбалалы аналарға берілетін қаржылай көмек. Бүгін өзінің санатын анықтау үшін келіншек eGov қосымшасына кіріп, жеке деректерін енгізіп көрді.

Меруерт Абдыханова, Көпбалалы ана:

Тез қарап шықтым, өте ыңғайлы екен. Қай санатқа жататынымды уайымдап жүр едім. Тез арада анықтап, көңілім орнына түсті. Дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені әр санаттағы адамдар бар. Мысалы, көлігі, үйі, қаражаты бар ауқатты адамдар да кездеседі.

Мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындалғанда тек табыс көлемі ғана ескерілмейді. Оған қоса отбасының әлеуметтік жүктемесі міндетті түрде есепке алынады. Яғни мүгедектігі бар адамдардың болуы, зейнет жасындағы азаматтар мен созылмалы ауруы бар жандар бірге тіркеледі.

Бақтияр Жазықбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

Жаңа әдістеме екі компоненттен тұрады. Біріншісі — материалдық әл-ауқат, екіншісі — әлеуметтік тұрақтылық. Бірінші компонент алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Оның ішінде кіріс, жұмыспен қамту, мүлік, көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы және кредиттер есептеледі.

Егер eGov порталы арқылы өтініш толтырғанда қандай да бір өзгеріс болса, азаматтар Әлеуметтік қорғау комитетінің департаментіне тікелей өтініш бере алады. Жауапты мамандар құжатты қабылдап, белгілі мерзімде тіркейді. Бұл ретте дүние-мүлік сатып алу не өзге ақпараттар қайта қаралуы мүмкін.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Мысалы, азамат «менің көлігім жоқ» десе, біз Ішкі істер министрлігіне сұрау саламыз: осы азаматта көлік мүлдем жоқ болса, неге жүйеде көрсетіліп тұр? Сол кезде бәрі анықталып, дерек түзетіледі. Оның санаты да қайта қарастырылады. Ол «Б» санатында болса, анықталғаннан кейін «С»-ға ауысуы мүмкін.

Ескеретін маңызды жайт: калькулятордың нәтижесі тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни ол төлемдерді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім шығармайды. Жаңашылдық жаңа жылдан бастап күшіне енеді.

Жанар Арғын

← Барлық жаңалықтар