Алматы жұрты бүгін алаң-елең. Алып шаһардағы қосқабатты үйден өрт шығып, төрт адамды шатыр басып қалды. Қиранды астында арпалысқандардың денесі күйіпті. Жатақхананы студенттер мен жас отбасылар жалдап келген екен. «Төтеншеліктер» екі өкпесін алып, оқиға орнына жеткенімен, зәресі ұшқан жұрттың бар дүниесі күлге айналған.
Жарылыс қатты болғаны сонша, жер сілкінгендей сезілді. Таңертең ұйықтап жатқанмын. Оянып қарасам, бүкіл үй жанып жатыр.
Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар қатты дүрсілден ояндық, дейді. Әуелі жер сілкінді деп сыртқа ұмтылған. Кейін қарсы беттегі ғимараттың өртенгенін көріп шошыпты. Құтқарушыларды да сол көршілері шақырған. Ішінде шырылдаған балаларға жаны ашып, көмекке жүгірген екен, бірақ нысанның шатыры опырылып, кіре алмай, іштегілер сыртқа шыға алмай әбігер болыпты.
ГҮЛНАРА БЕГАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:
Мен ана әжені ойладым, кәрі кісі ғой. «Қаш былай қарай», – дедім. Содан оттар шашырады. Балалар жылады. Жігіттерге жаным ашып кетті. Бұл жерде жалға алушылар тұрады, студенттер. Екі баланың жағдайы ауыр, денесінің 90 пайызы күйген деді. 18–19 жастағы студент балалар.
Алатау ауданында орналасқан екі қабатты ғимарат жалдамалы жатақхана көрінеді. Металл шатырының ағаш торламасы арқылы өрт тез айналаға тарап, 180 шаршы метрді шарпыған. Төрт бірдей тұрғын ауруханаға түскен.
ЛӘЙЛӘ ИМАНҒАЛИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
Алматы ауруханаларына өрттен зардап шеккен төрт адам жеткізілді. Зардап шеккен екі науқас жансақтау бөлімінде аса ауыр халде жатыр. Тағы екі науқастың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланады. Барлық зардап шегушіге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Жағдай Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
Ұзын дәлізді нысанның әр бөлмесін студенттер мен жас отбасылар 150 мың теңгеден жалдап келген. Әкімдік жатақхананың жұмысы заңсыз дейді. Еш жерде тіркелмеген, қожайыны ешкімге есеп бермеген. Тіпті, жауапты мамандар өрт қауіпсіздігінің сақталу-сақталмауын да осы уақытқа дейін тексермеген. Әйтпесе, бұл жатақ орны баяғыдан жұмыс істейді. Ал аман қалған тұрғындар заттарын жинап көшіп жатыр.
ИМАНБЕК ҮБІРБЕК, ТҰРҒЫН:
Біз астында, кіреберісте, бірінші қабаттағы бірінші үйде тұрамыз. Бұл жерде қанша отбасы бар екенін білмейміз. Бір бөлме, иә, душы, дәретханасы бар ішінде. Газ баллонымен емес, плитамен бе? Электр плитасы болғанда, біз оны қоспаймыз ғой. Табиғи газ ғой. Газ баллоны жоқ бұл жерде.
Қазір өрттің шығу себептері анықталуда. Ал баспанасыз қалған отбасыларды шенділер уақытша хостелдерге жайғастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етіпті.