Мазмұнға өту
· 14 қаралым

27 мың отбасы үрей құшағында отыр

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық толастар емес. Семейде 16 жерден пышақталған бұрымды мен Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің оқиғасы елдің есін екеу, түсін төртеу етті. Заң қатал болғанымен, азғындардың саны азаймай тұр. Қоғамды алаңдатқан мәселені бүгін Құрылтай депутаттары қозғады. Жалпы отырыста тағы не айтылды?

Ауыр тақырыпты ашына қозғаған – Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова. Ол болары болып, бояуы сіңіп, шаңырақ шайқалғаннан кейін емес, жанжалға жеткізбеудің жолын қарастыру керегін айтты. Өйткені қаскөйлерге сана бермесе, қабылданған шаралар жемісін бермей келеді. Ақыры қорлаудың соңы қол салуға әкеп соқтырып жатыр. Сол себепті халық қалаулысы жаңа жоба ұсынды.

АЙЖАН АЙМАҒАНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі тиіс. Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет. Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуы қажет.

Депутаттарды толғандырған тағы бір мәселе – апатты үйлер. Қазір 27 мың отбасы үрей құшағында отыр. Тозығы жеткен ғимараттардан тұрғындарды көшіру мәселесі кешеуілдеп келеді екен. Мәселен, соңғы 3 жылда небәрі 352 баспана бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынған. Шаруақор шенділер «шықпа, жаным, шықпаның» керімен келе жатқан мәселені шешуге асығар емес.

ӘМІРБЕК ОСПАНБЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Уәкілетті орган ұсынған ақпаратқа жүргізілген талдау көрсеткендей, реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер бар екені анықталды. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз. Атап айтқанда, 2026–2029 жылдарға арналған реновация жоспарлары бойынша, мысалы, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйдің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарлануда.

Көпірлердің де жағдайы көңіл көншітпейді екен. 150-ге тарта нысан апатты жағдайда тұр. Сорақысы, сол өткелден өту үшін өміріңді бәйгеге тігу керек. Республикалық жолдардағы көпірлер жөнделгенімен, жергілікті жердегі инженерлік құрылыстарға қаржы там-тұмдап беріледі. Осыдан-ақ сапасын сұрамай-ақ қойыңыз.

ТҰРАРБЕК ТІЛЕМІСОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Көлік министрлігі 2027–2031 жылдарға арналған көпір құрылыстарын түгендеу және жаңғырту жөніндегі бағдарламасын әзірлеп жатыр. Алайда ол тек республикалық маңызы бар жолдарды қамтиды. Ал елдегі 2 135 көпір қандай да бір бағдарламадан тыс қалып, қаражат артылса ғана қаржыландырылып отыр. Бағдарлама әкімдіктерге міндет жүктемейді әрі жергілікті бюджеттерді қажетті қаражатпен қамтамасыз етпейді.

Алайда қыруар қаржы бөлінгендердің өзі сын көтермейді.

«Мынау – Сарыөзектің айналма жолы. Көпірдің маңындағы асфальттің бәрі үгітіліп жатыр ғой. Мынаны қараңдар, әйел басыммен жұлып алдым, міне».

Жетісу облысында төселген асфальттің опырылғаны өз алдына, көпірді бекіткен темір де ажырап кеткен. 4,5 миллиард теңге жұмсалған трассаның сиқы осы. Шенеуніктер өздерінің ұнамды әдеттеріне салмай, бұл жолы кемшілікті қабылдап алу кезінде анықтапты. Қазір ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.

← Барлық жаңалықтар