Қараңғылықта қалған елдің көзін ашып, білімге құштар қарашаның қатарын толтырған Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 185 жыл. Қазақ баласының қолына кітап ұстатып, санасына білімнен саңылау салған аңыз тұлғаның аты қазір қазақ даласында жаңғырып тұр. Торғайда алғаш рет мектеп ашып, бастапқыда небәрі 14 ұл-қызды оқытқан ұлы ұстаздың еңбегін миллиондар ұлықтап жүр.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Балалардың білім алуына, қазақ ұрпағының сауатын ашуға бар ғұмырын арнаған тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі сол кезеңде де, бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ұлы ағартушы ұл-қыздардың оқып-тоқып, өркениетті елдермен тең болғанын қалады. Биыл ағартушының туғанына 185 жыл толып отыр. Міне, екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, Ыбырай салған сара жолдың маңызы кеміген емес!
Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы күрделі болды. Әкесінен ерте айырылып, атасы Балғожа бидің тәрбиесінде өскен ол жастайынан өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татты. Бірақ тағдырдың сыны оның сағын сындырмады. Қайта білімге деген құштарлығын оятып, елге қызмет етсем деген арманын шыңдай түсті. Ол заманда қазақ баласының қолына кітап ұстап, мектепке баруының өзі үлкен жаңалық еді. Ал Ыбырай сол жаңалықтың жаршысы болды.
АЛМАСБЕК ӘБСАДЫҚ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Педагог-ұстаз ретінде қазақ тілінде және орыс тілінде оқулықтар жазды. Сол оқулықтардың арқасында қазақ даласында мектептер жұмыс жасап, оған дейін оқытылып келген татар тілі қазақ тіліне ауыстырылды. Мінеки, осы еңбектері Ыбырай Алтынсаринді басқа ағартушылардан ерекшелендіреді деп санауға болады.
Ыбырайдың ағартушылық жолы бір күнде қалыптасқан жоқ. Ол Орынборда білім алып, орыс тілін меңгерді. Толассыз ізденіс пен маңдай тердің арқасында өз заманының озық ойлы тұлғасына айналды. Әрине, оқып-тоқығаны өз алдына, адамдық болмысы тіпті бөлек.
АЛМАСБЕК ӘБСАДЫҚ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Ыбырай Алтынсарин – адамгершілікті, адалдықты, әділдікті алға тартқан кісі. Алтынсариннің шәкірті Әбдіғали Балғымбаевтың сол кісінің шәкірті ретінде айтатын сөзі бар: «Ыбырай Алтынсарин әлсіздерге жанашыр болды», – дейді. «Ыбырай Алтынсариннен әділдік сұрап, көмек сұрап келетін кісілер болатын еді», – дейді.
Бәрімізге мәлім, 1864 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғайда қазақ балаларына арнап мектеп ашып, тұңғыш шәкірттерін өзі қарсы алды. Қара шаңырақ талай ұрпақтың қанатын қатайтты. Сонда тәлім алғандардың бірі бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз – Күлпаш Сейдахмет. Тарихы терең ордадан түлеп ұшқан ол кейін Қостанайдағы педагогикалық институтта кәсіби даярлығын шыңдады. Ал қазір Астана төрінде ұлы ағартушының есімі берілген мектепте жұмыс істейді. Қырық жылын бала тәрбиесіне арнаған еңбегі де елеусіз қалмады. Осыдан екі жыл бұрын екінің біріне бұйыра бермейтін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Сөйтіп, оның ғұмыр жолы бір есіммен біте қайнасып келеді.
КҮЛПАШ СЕЙДАХМЕТ, «ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ:
Қазақ даласында «Кел, балалар, оқылық!» деп ұрпағын білімге шақырған Ыбырай Алтынсариннің төсбелгісін иемденгенім мен үшін үлкен абырой, мақтаныш. Себебі өзімді Ыбырай өткен жолдармен жүріп келемін деп ойлаймын. Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі деп аталуының өзін бүкіл қазақ даласына білім шуағын шашатын белгі деп есептеймін.
Елордадағы мектепте ардақты тұлғаның өмірі мен мұрасынан сыр шертетін шағын музей де бар екен. Мұнда өткеннің ізі қалған құнды жәдігерлер жинақталып, жыл сайын жаңа дүниелермен толығып келеді.
АЙЗЕРЕ ТҰРСЫНБЕКОВА, ОҚУШЫ:
Осы жәдігерлердің барлығы Қостанай қаласындағы Ыбырай мемориалдық музейінен алынған заттар болып табылады. Бұл заттардың барлығы – Ыбырай Алтынсарин атамыздың жеке заттары. Яғни музыкалық аспаптар, хрестоматия. Осы дүниелер – Ыбырай Алтынсариннің жеке заттары. Яғни оның ең алғашқы мектебінде осындай кішкентай орындықтар болатын. Сонымен қатар олар кітапты жерге қоймас үшін ағаштан жасалған кітап қойғыш жасап қойған болатын. Құнды жәдігерлерден бөлек қандай естеліктер бар? Мысалы, осы витринада Ыбырай Алтынсаринді замандастарымен, сонымен қатар ең алғашқы мектебінде түскен ең алғашқы шәкірттерімен көре аламыз.
Ең қуантатыны – бүгінгі ұрпақтың қоғам қайраткерінің мұрасына деген қызығушылығы жоғары. Оқушылар оның өмір жолын зерттеп, еңбектерін зерделеу арқылы өткеннің өнегесін танып келеді.
КӘУСАР БАЙЖАН, ОҚУШЫ:
Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінен жинақталған қазақша комикс жасаған болатынмын. Бұл комиксте Ыбырай Алтынсариннің тәрбиелік мәні зор әңгімелері жинақталған. Сонымен қатар суреттері арқылы, анимациялар арқылы жастарға түсінікті тілде жазылған болатын.
МАДИНА ЖҮСІПОВА, ОҚУШЫ:
Мен Ыбырайды тек ағартушы емес, сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптарын зерттейтін ғалым ретінде қарастырдым. Яғни ол тұл жасау, естірту, жоқтау деген сияқты дәстүрлердің мәнін түсіндіріп, маңызын ашқан.
Иә, ғасырлар алмасып, заман өзгерсе де, ұлы ағартушының ұлағаты ешқашан ескірмейді.