Мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық өмірдің бел ортасында.
Бірі білім алып, жаңа мамандық меңгерсе, енді бірі еңбекке етене араласып жүр. Жігері жасымаған жандардың құлшынысына мемлекет те қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері осындай 11 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жұмыс іздеп мансап орталықтарына 29 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат жүгінген.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі:
Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, ал 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар әр адамның жеке қажеттілігіне қарай арнайы жұмыс орындарын ашу да Үкімет назарында. Жыл басынан бері мұндай 47 мекеме іске қосылыпты. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарға кәсіптік оқу мен гранттар ұсынылуда. Мәселен, биыл 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, бизнестің негіздерін меңгерген.
Бердібек Қарынбай