Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Әлем жаңалықтары

Ішкі істер министрлігі бақсы-балгерлерді қатаң бақылауда ұстамақ. Бал ашатын, құмалақ шашатын, дем салатындардың бәрі енді арнайы есепке алынады. Тіпті оларға жүгінген азаматтарды да тіркеп қоямақшы екен. Оларды қоғамға қауіпті деп, жезөкшелермен бір санатқа қосып қойыпты. Әлемдегі өзге де жаңалықтар келесі топтамада!

ТИБЕТТЕ ЖЕР СІЛКІНДІ

Сары құрлықта апаттар жиіледі. Бұл жолы да сейсмикалық тұрақсыз саналатын Гималай таулары белсенділік көрсетті. Жаһандағы ең ірі тау жүйелерінің баурайында жайғасқан Тибетте жер сілкінді. Апаттан автономиялық өңірде 300-ден астам ғимарат қирады. Құрбандар саны да сәт сайын өсіп жатыр. Әзірге 16 тұрғынның опат болғаны белгілі. Қытай сейсмологтарының дерегінше, тербеліс магнитудасы 7-ге жеткен. Ал зілзала ошағы Тибет орталығы Лхаса қаласынан 400 шақырым қашықтықта жайғасқан Бачен уезі екен. Бейжің билігі апаттың артынша автономиялық аймақта төтенше жағдай жариялап, зардап шеккен елді мекендерге құтқарушылар жасағын жіберді. Апаттан электр желілеріне зақым келіп, халықтың басым бөлігі жарықсыз қалды. Сондай-ақ жер тербелісінен кейін биік шыңдардың ұшар басынан тастар құлап, өңірді жалғайтын автокөлік жолдарын басып қалған.

ЕУРОПАДАН ТЫНЫШТЫҚ КЕТТІ

Сарапшылар Еуроодақтағы тәртіпсіздіктер қыста да жалғасуы мүмкін деп топшылайды. Себебі суық мезгілде бірқатар өңірде жарық тарифі қымбаттайды деген жоспар бар. Бұл баға саясаты да жығылғанға жұдырық болайын деп тұр. Сондай-ақ наразылық жайлаған елдердің барлығында жуырда сайлау өтеді екен. Мәселен, Франциядағы ереуілден соң Балқан түбегіндегі Албания халқы бас көтерді. Тирана көшелеріне шыққан жұрт билікке базынасын жеткізді. Үкіметтің отставкасын талап еткен халық жергілікті тәртіп сақшыларымен қақтығысып үлгерді. Бұдан бөлек, наразылық акциясына Германия, Италия, Ұлыбритания, Бельгия тұрғындары да қосылды.

СОҒЫС АЯҚТАЛАТЫН КҮН ЖАҚЫН

Украинадағы қантөгіс аяқталатын күн алыс емес. Осылай деген Дональд Трамп аймақта бейбітшілік таңының ататынына сенім білдірді. Ақ үй басшысы күні кеше Владимир Путинмен телефон арқылы тілдесіп, аймақтағы жағдай бойынша біраз пікір алмасыпты. Ал Америка көсемінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффтың Украина президенті Зеленскиймен Ослода, Путинмен Санкт-Петербургтегі бетпе-бет кездесуі де Трампқа үміт сыйлаған сияқты. Алдағы уақытта Ресей мен Украина қақтығысын тоқтату бойынша келіссөздер үш жақты форматта өтеді екен. Ал бұған дейін Владимир Зеленский Ресеймен қазіргі майдан шебін сақтай отырып келісімге келуге мүдделі екенін жеткізген еді. Егер қантөгіс дәл осылай аяқталатын болса, Украина жерінің 25%-ынан айырылуы ықтимал. Сондай-ақ жуырда Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков та күрделі тақырып бойынша оң динамика байқалатынын мәлімдеген еді.

БАЛГЕРЛЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Тәжікстанда бақсы-балгерлер, дем салатындар мемлекеттің қатаң бақылауына алынады. Тіпті олардың тұрақты клиенттері де арнайы базаға енгізіледі. Елдің ішкі істер министрлігі осы аптадан бастап арнайы шараларды қолға алды. Бұл қатарға түнгі көбелектер де қосылған екен. Билік мұндай әрекеттер тұрғындардың наным-сеніміне нұқсан келтіреді деп есептейді. Сондай-ақ жеке мәліметтері алынған азаматтарды құзырлы орган ұдайы бақылауда ұстамақ. Ал ведомство тұрғындарды күмәнді іске жоламауға шақырады. Халықаралық басылымдардың дерегінше, Памир баурайындағы мемлекеттің атқамінерлері біраз жылдан бері бақсы-балгерлермен күресіп жүр. Тіпті жергілікті билік бұны әлеуметтік маңызды проблемалардың бірі деп есептейді. Мәселен, биыл жыл басынан бері жол ашу, дем салу бойынша 600-ден астам дерек анықталған.

← Барлық жаңалықтар