Мазмұнға өту
· 50 қаралым

Қазақ әндеріне ғашық орыс баласы

Қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайтын орыс баласы мұқым елдің жүрегін елжіретті. Алматылық Богдан Луценкомен танымал әншілердің өзі дуэт айтып, концерттеріне бірінен соң бірі шақырып жатыр екен. 12 жастағы ұл ең әуелі 26 жыл бұрынғы «Ал давай» тобының әнін айтып, көпке аты шықты. Қазіргі репертуарын әріптесім біледі.

2000 жылдары хит болған «All Давай» тобының әніне Богдан Луценко қайта тыныс бергендей. Гитарасын құшақтаған жеткіншек тілін сындырып, қазақ әуендерін орындайды. Жүрекпен сезіп, әр сөзін түсінуге тырысамын дейді өзі.

БОГДАН ЛУЦЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Маған қазақша әндердің бәрі өте жағымды естіледі. Музыкасы да, сөздері де ерекше ұнайды. Күнде тыңдағаннан кейін бе, мәтінін жаттау да оңай болды. Сондықтан уақыт жоғалтпай, арнайы мамандардан қазақ тілін үйренуді бастадым. Қазір сөздерге екпінді дұрыс қоюды және әріптерді анық дыбыстауды меңгеріп жатырмын.

12 жастағы жеткіншек әлеуметтік желіде өте белсенді. Гитарамен айтқан әр әнін жүктеп, оқырмандарының ықыласына бөленіп жүр. «Күт мені» әнін жариялаған кезде әнші Шоқан Маратұлының өзі кездесуге шақырып, бірге айтуға ұсыныс жасаған.

ШОҚАН МАРАТҰЛЫ, «ALL ДАВАЙ» ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл әнді орындаған көп өнерпаздың парақшасына бізді ылғи белгілейтін. Бірақ қабылдамай жүрдім. Ал Богданның орындауын естігенде, кездесіп дуэт айту керектігін түсіндім. Өйткені расымен талантты әрі еңбекқор бала. «Күт мені» әнін жас ұрпақ әлі де орындап жатса, демек туынды өміршең деген сөз. Мен оған тек қуанамын.

Алты жасынан әнге құмар Богдан қазір кәсіби музыканттардан сабақ алып жүр. Мұғалімдері музыканы сезінуін ерекше бағалайды.

ЛЕЙЛА БОЛАТБЕК, ВОКАЛ МҰҒАЛІМІ:

Біздің мектептің балалары әр әнді өздері таңдайды. Богдан тек қазақ әндерін орындағанды жақсы көреді. Біз оның таңдауына қарсы емеспіз, керісінше, қолдау көрсетіп, дайындауға тырысамыз. Богданның даусы ерекше. Ол әнді жүрекпен айтады. Қай тілде болмасын, әр туындыны сезіп, түсінеді.

Өнерлі баланы қазір шетелдік бағдарламалар да қонаққа шақырыпты. Әкесі әзірге келіссөздер жүргізіліп жатыр дейді. Ал Богданның арманы – болашақта рок-топ құру.

← Барлық жаңалықтар