Алматы көшелерін тапаншамен емін-еркін кезген ер адам ұсталды. Жүріс-тұрысы күдік туғызған оны әу баста патрульдік экипаждың мүшелері байқапты. Сөйтіп әріптестеріне хабар беріп, қолға түсіру операциясына арнайы жасақ тартылған. Мұздай қаруланған топ 52 жастағы азаматты кешкі уақытта тырп еткізбей, қолына кісен салды. Ал тінтіген кезде қалтасынан тапанша шыққан. Тергеу барысында қаруды тауып алған едім деп ақталыпты.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
52 жастағы ер адамның жанынан 9 мм калибрлі, сыртқы пішіні «Стремер» маркалы тапаншаға ұқсас зат табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот сараптамасы тағайындалды. Мамандар тәркіленген заттың шығу тегі мен сипаттамаларын анықтап, оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді.