Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Баспанаға жеткенде, басы дауға қалды

Жер алдым деп қуанып, үй салуға асықпаңыз! Зәулім сарайыңызды тұрғызып, ішіне енді кірерде далада қалуыңыз мүмкін. Жамбылдық тұрғындар жылдар бойы жиып-теріп салған баспанасынан айырылып қалғалы тұр. Себебі жер заңнамасы талаптары бұзылыпты. Алақандай учаскеге әрең қол жеткізген жұрттың жанайқайы қандай?

Байзақ ауданындағы әлеумет осыдан 2 жыл бұрын Сарыкемер ауылынан кәсіпкерлік мақсатта жер алады. Құжатын реттеген соң әкімдік те тұрғын үй салуға рұқсатын береді. Тірнектеп жинаған тиынына ел-жұрт баспана тұрғызады. Алайда қоныстойын тойлауға жақын қалғанда үйлерінің «арестке» қойылғаны туралы жағымсыз хабар жетеді. Көңілі күпті болған қараша енді далада қаламыз ба деп аймақ басшысынан көмек сұрады.

НҰРАЛЫ ЖАННУРИМОВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2009 жылдан бері жерге кезекте тұрдым. Қарасам 3000 бір бәле. Енді біздер 60 жасымызға дейін квартирада жүрмейміз ғой. Құжаттарым таза. Мемлекет маған жаңа АКТ берген. Ал бұлар бізге 109-баппен іс қозғағанда, арестке қойған. Ал бұлар мемлекеттік мекемелерді менсінбей ме, әлде жер мекемесі ешкімді тыңдамай ма, сондай болып тұр ғой.

Жер дауына қатысты тексеріс жүргізген департамент бірқатар заң бұзушылықты анықтапты. Айтуларынша, әкімдік ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертіп, заң нормаларын бұзған. Содан кейін ауданда телім саудасы қызыпты. Жалпы Байзақта 30 гектарға жуық жер заңсыз саудаға түскен екен.

АРСЕН БАҚБЕРГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жерлердің бастапқы мақсаттарының барлығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болған. Ауылдық округ әкімі жаңағы тиісті өтініш негізінде нысаналы мақсатын өзгерткен. Бұл жерде шешім заңсыз болғандықтан, шешімді сотқа беріп отырмыз.

Ал заңгер мұндағы мәселе тұрғындардың тарапына қарай шешілуі тиіс деп есептейді. Өйткені қарапайым сатып алу келісімшартында еш кедергі болмаған. Оның үстіне үйлерге электр жарық тартылып, газ да жүргізілген. «Егер заңға қайшы болса, жергілікті билік неге инфрақұрылымды жүргізеді?» – дейді адвокат.

МАДИЯР ЕСЕЕВ, ЗАҢГЕР:

Сатып алу шартында ешқандай аресте болған жоқ. Залогта болған жоқ. Әкімнің қаулысы болды. Былайша айтқанда, толық ресми құжаты дайын болды. Сатып алған тұрғындар ол заңсыз болды ма, заңсыз істелді ме, оны білуге де міндетті емес. Білуге тиіс емес. Өйткені оны біле алмайды.

Аталған мәселеге қатысты сот процесі басталыпты. Жер қатынастары бөлімі істің ақ-қарасын судья анықтайды деп отыр. Ал сот шешімі департаменттің пайдасына шыққан жағдайда, жергілікті билік апелляциялық шағым түсірмек.

← Барлық жаңалықтар