Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Дәрі-дәрмек арзандай ма?

Жас пен кәрі үшін, адамдардың бәрі үшін, жиналды бүгін Үкімет аса қажет дәрі үшін. Енді керегін іздеп алысқа сабылмаймыз, ешкімге жалынбаймыз, отандық өндіріс артты, импорт тізгінін тартты деді министр, жіктеп тұрып айырғандай жұмыртқаның ағы менен сарысын. Тындырдық біраз істі, бағалары да түсті деп қосып қойды тағы-тағысын. Министрдің айтқанының болса егер бәрі шын, онда ауырған науқас жан үшін, азаптанған сырқат тән үшін бұдан жақсы жаңалық жоқ – нан ұрсын.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Елімізде 500-ге жуық жаңа отандық дәрі түрі шығарылмақ. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осылай деді. Ведомство басшысының айтуынша, құны 862 миллион доллар болатын 8 ірі жоба жүзеге асырылып, 1200 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, тегін берілетін дәрілер тізімі де кеңейді. Енді 14 түрлі ауруды емдеуге қажетті 22 жаңа препарат халыққа тегін беріледі. Ал сұранысқа ие емес 52 дәрі тізімнен шығарылды.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

21 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын науқастарды, сондай-ақ жүкті әйелдерді инсулин помпаларымен және қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз ету көзделуде. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді өзектендірумен қатар сатып алу рәсімдерінің тиімділігі де арттырылуда. Пациенттерді қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда 3 ай ерте басталды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Олжас Бектенов шетелден келетін дәрі-дәрмекке тәуелділікті азайту керектігін айтты. Оның сөзінше, фармацевтикалық жобаларға инвестиция тартылып, жер телімдері бөлініп жатыр. Бірақ бұл – жұмыстың басы ғана. Енді сол жобаларды іске асырып, жаңа зауыттар ашу қажет.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шығарылатын дәрі-дәрмек түрлерінің ауқымын кеңейту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Президентіміз халыққа Жолдауында атап өткендей, өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға баса мән беру керек. Сондықтан жай ғана «орап-қаптаудан» бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс.

Дертіне шипа іздеген жұрт керекті дәріні таппай сергелдеңге түспес үшін жауапты компания биыл ерте қамданыпты. «СК-Фармация» басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков келер жылға қажетті дәрі-дәрмектің 84 пайыздан астамы сатып алынғанын мәлімдеді. Барлық препарат қоймаға желтоқсанда толық жинақталып, қаңтардың басында ауруханаларға жөнелтіледі.

НҰРЛЫБЕК АСЫЛБЕКОВ, «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекеттік қолдау отандық өндірістің технологиялық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуде. Қазақстандық өндірушілер инновациялық препараттарды шығаруды игеруде. Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүйелі түрде цифрландыру қолға алынды. Серіктестіктің электрондық сатып алу жүйесінде құжаттарды ұсынғанға дейін қателерді анықтайтын 40-тан астам автоматтандырылған тексеру жүйесі ұйымдастырылған.

Отырыс соңында Олжас Бектенов жауапты министрлікке дәрі-дәрмек бағасының негізсіз шарықтап кетуіне жол бермеуді қатаң тапсырды. Одан бөлек, халыққа қажетті препараттарды сатып алу кезінде бармақ басты, көз қысты әрекеттер жасалмауын жіті назарға алуды жүктеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша барлық рәсімдерді осы жылдың соңына дейін жедел жүргізу қажет. Қаңтар айында ауруханаларда, емханалар мен дәріханаларда барлық қажетті заттар болуға тиіс. Өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды ерекше бақылауда ұстаңыздар. Денсаулық сақтау министрлігі емделушілерге берілгенге дейін дәрілік заттардың қозғалысына толық цифрлық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін.

Қорыта айтқанда, Үкімет басшысы құрғақ есепті қойып, нақты нәтижеге жұмыс істеуді баса айтты. Олжас Бектенов жауапты ведомство дәрі тапшылығын түбегейлі жойып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруы тиіс деді.

← Барлық жаңалықтар