Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Әлем жаңалықтары

Панда Қытайдың басына біткен бағы боп тұр. Себебі Бейжің жаһанның әр түкпіріндегі зообақтарда мекендейтін аюлар үшін қыруар қаржы алып келеді. Шығыстағы көршіміздің дерегінше, қазір жаһанда 830 бас бамбук пандасы бар екен. Оларды тамашалауға келген туристердің саны биыл 1 млрд адамнан асыпты. Осылайша, Бейжің жануардың саны көбейген сайын ақшаға қарық болып отыр. Соңғы уақытта табиғи ортада мекендейтін сүтқоректілердің саны да айтарлықтай артқан көрінеді. Мәселен, Сычуань провинциясындағы бамбук орманында 2 мың бас панда бар екен.

ФУТБОЛШЫ КӨЗ ЖҰМДЫ

Футбол әлемінде қайғылы оқиға. Испания сегундасындағы Тенерифе клубының шабуылшысы Хесус де Мигель жасыл алаңда көз жұмды. Ол Андорра ұжымымен өткен матчтың соңғы минуттарында қақпашымен соқтығысты. Алғашында 30 жастағы футболшы есінен танып қалған еді. Көп ұзамай дәрігерлер оның жүрек соғысын қалпына келтіріп те көрді. Алайда аяқ доп шеберінің демі ауруханада үзілді. Ал қос ұжым арасындағы ойын дереу тоқтатылып, нәтижесі жарамсыз деп танылды. Осыдан кейін қарсыласына ауыр жарақат салған «Андорра» клубының голкиперіне қарсы желіде нәсілдік арандатушылықтар басталды. Ашуға булыққан жанкүйерлер оның әдейі шабуылшыға ұрынғанын жазып жатыр. Ал Испания прокуратурасы дереу қылмыстық іс қозғады. Егер Экваторлық Гвинея ойыншысының кінәсі дәлелденсе, ол 4 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Сұмдық оқиғаға байланысты Еуропадағы маңызды ойындардың барлығы бір минуттық үнсіздікпен басталды.

ТОҢАЗЫТҚЫШТАРҒА ШАБУЫЛ

Хакерлер қарап жатпайды. Алаяқтар көбіне банктер мен ірі қаржы орталықтарының деректер базасына шабуыл жасаушы еді. Бірақ Еуропаның бұзақылары ерекше қылмысқа барды. Олар бірнеше күннен бері Кәрі құрлықтағы дүкендердегі тоңазытқыштарға қырғидай тиіп жатыр. Осының кесірінен континенттің 7 бірдей елінде сауда орындарының жұмысы тұралап қалды. Мәселен, жат пиғылды азаматтар тоңазытқыш пен мұздату жүйесін қашықтан бұзып, құрылғылардың температурасын әдейі көтеріп жіберген. Нәтижесінде мыңдаған тонна өнім жарамсыз жағдайға түсті. Хакерлердің шабуылынан әсіресе Франция кәсіпкерлері шаш етектен шығынға батты. Қазір үш жолақтылар елінің министрлері бұл әрекетті тоқтатудың амалын қарастырып жатыр. Тіпті шенділер бұны «дағдарыстың жаңа кезеңі» деп бағалады. Шабуылдың артында кімдер тұрғаны әзірге белгісіз.

ХЭЛЛОУИНДЕГІ ДАУ

Шынымен де, қазір Еуропа елдерінен маза кетті. Бұл жолы Хэллоуин төңірегінде дау шықты. Германияда тұрғындар мерекеге орай балаларға таратылған тәттілердің арасынан ине мен магниттер тапқан. Жергілікті басылымдардың дерегінше, келеңсіз жайттар Рейнланд және Тюрингия аймақтарында тіркеліпті. Сондай-ақ қауіпті заттар кондитер өнімдерінен бөлек, мерекелік қораптарға да салынған екен. Болжам бойынша, кейбір адамдар мерекелік сыйлықтарды пайдаланып, балаларға зиян келтіргісі келген.

АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҰЗЫН МЕТРО

Қытай инженерлері әлемде үздік екенін тағы бір рет дәлелдеді. 2020 жылы адамзат баласын коронавирус дертімен таныстырған Ухань қаласында Сары құрлықтағы ең ұзын айналма метро желісі пайдалануға берілді. Хубэй провинциясына қарасты метрополитеннің 12 бекеті өткен аптада толығымен ашылды. Оның жалпы ұзындығы бақандай 60 шақырымға тең. Ал құрамына 37 жерасты станциясы кіреді. Сондай-ақ алдағы уақытта мамандар тағы 18 бекет қосуды жоспарлап отыр. Жаңа метро қаланың орталық бөлігіндегі 7 ауданды қамтып, екі теміржол вокзалын байланыстырады. Айналма бағытты толық жүріп өту үшін шамамен 1 жарым сағат уақыт кетеді. Бұдан бөлек, желі әлемдегі және Азиядағы ең ірі Янцзы өзенін екі рет кесіп өтеді екен.

← Барлық жаңалықтар