Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Қазақстан мен Иордания: достыққа негізделген әріптестік

Иордания Королі ІІ Абдалла келді Астанаға. Ресми сапарлап жеткен Бен әл-Хусейн мырзамен Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Ақордада Иордания Хашимит Корольдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік туларын желбіреткен әскери әуе күштерінің тікұшақтары Ақорда алдынан ұшып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының рапорты беріліп, екі елдің әнұрандары орындалды. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына бет алды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Иордания – Таяу Шығыстағы маңызды серіктестердің бірі. Екі елдің байланысы ширек ғасырдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Ал жоғары деңгейдегі сапарлар осы әріптестіктің көкжиегін кеңейтіп, өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

Келіссөзде саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы кейінгі жылдары екі елдің ықпалдастығы артып келе жатқанын атап өтті. Былтырғы өзара сапарлардан кейін бірлескен мәлімдеме қабылданып, мемлекеттік органдар мен іскерлік орта өкілдері бірқатар құжатқа қол қойған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға басымдық берілетінін айтты. Экономикалық ықпалдастық екіжақты байланыстың негізгі қозғаушы күші саналады. Ал академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтып, туристер алмасуын арттыру мәдени-гуманитарлық әріптестіктің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Король ІІ Абдалла да былтырғы өзара сапарлардың қарым-қатынасты ілгерілетуге серпін бергенін атап өтті. Ендігі мақсат – сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі өрбіту.

ІІ АБДАЛЛА БЕН ӘЛ-ХУСЕЙН, ИОРДАНИЯ КОРОЛІ:

Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз.

Иордания елшісінің айтуынша, өткен жылғы сапар кезінде екі ел арасында 35-ке жуық келісімге қол қойылған. Қазір фармацевтика, энергетика, жоғары білім, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын үнемдеу салаларындағы бірлескен жобалар қолға алынып жатыр.

ХАМЗА МАХМУД ЮСЕФ АЛЬ-ОМАРИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИОРДАНИЯ ЕЛШІСІ:

Қазақстан Президенті де былтыр ақпан айында Иорданияға сапар жасады. ҚЖТ Қазақстанға келген кезде екі ел арасында 35-ке жуық келісімге қол қойылды. Қазір фармацевтика, энергетика, жоғары білім, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын үнемдеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бірлескен жобалардың бірқатары жүзеге асырылып жатыр, енді кейбірін қазақстандық серіктестермен талқылаудамыз.

Келіссөзде өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері де сөз болды. Король ІІ Абдалла Ақаба процесінің жаңа раундын бірлесіп ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғыс айтып, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ертең Астанада жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздікке арналған Ақаба процесінің саммиті өтеді. Оған бірқатар елдің басшылары қатысады. Осы күндері елордаға ресми сапармен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да келді. Астана төріндегі жоғары деңгейдегі кездесулер өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ортақ үн қосады.

← Барлық жаңалықтар