Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 12 қаралым

Шенділердің ұйқысы қашты

Астанаға қардан бұрын доллар жауып, жұрт ду – ду етті. Бейсенбіде бір емес, білдей екі басшының былығы балконнан ұшып, жерге түсті. Қаланың қақ ортасындағы қымбат үйдің ауласында ақша толы сегіз чемодан тізіліп жатты. Мұндайды бұрын тек кинодан ғана көрген ағайынны ұйқысы таңғы алтыда шәйдай ашылды. Шытырманның шындығы да көп ұзамай су бетіне шықты. Ел экономикасының ең ірі құрылымдарының бірі саналатын «Самұрық-Қазына» қорының басшысы мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының жетекшісі жемқорлық күдігімен ұсталды. Тарихы 2006 жылдан басталып, халықтың әл – ауқатын арттыруға тиіс «Самұрық – Қазына» мен көлік-логистика жүйесінің басты күретамыры саналатын Қазақстан темір жолындағы бұл бассыздық алда үлкен өзгерістерге алып келуі мүмкін бе? Қарашаның қамын күйттеп, экономиканың іргесін қалауға тиіс жүйеде неге жемқорлық күдігімен жоғары лауазымды басшылар ұсталып отыр?

Таңсәріде көпқабатты тұрғын үйдің маңында шашылған көк қағаз жұрттың ұйқысын шайдай ашты. Құдды бір ат басындай алтын тауып алсам дейтіндердің тәтті арманына ұқсайды. Бұл не қылған батпанқұйрық?! Тұрғындар терезеден дорба-дорба доллардың ұшқанын бұрын-соңғы көрген де, естіген де емеспіз, – деп таңданысын жасырмады.

КУӘГЕР:

Терезеден көрдім. Купюралар ұшып жатты. Сол сәтте таңғы ас әзірлеп жүрген едім. Әрине, ондай соманы көріп, таң қалғаным рас. Қанша ақша екенін білмеймін. Бірақ өте көп болды. Оны құқық қорғаушылар анықтай жатар.

КУӘГЕР:

Үйдің жанынан өтіп бара жаттым. Сол сәтте гүрс еткен дауыс естідік. Сөйтсек, ақша толы чемодан екен. Мұндай қаражат жақсы өмір сүруге жетеді деп ойлаймын. Бірақ бір тиынына да тиіспедім. Өйткені маған жоқ жерден мәселе керек емес.

Аспаннан жауған ақша әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі болжамға түрткі болды. Жұрт шабадандағы доллардың иесін іздеп жатқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі бірнеше шендінің ұсталғанын хабарлады. Олар: «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Басшысы Елжас Отыншиев. Құзырлы органның мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қолға түскен.

ҚР ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасуда.

Ведомство хабарлағандай, күдіктілер 11 қарашада қолға түскен. Ұсталғандарын айғақтайтын фото-бейнежазбалар да желіде тарады. Мына кадрда Жақыпов үй киімімен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің алдында тұр. Екінші бейнежазбада Елжас Отыншиевті бірнеше адам қолтықтап әкетіп барады. Алайда бұл кадрлардың мән-жайына қатысты әзірге ресми түсініктеме жоқ.

Отыншиев жауапты қызметке биыл тағайындалған. Ол темір жолдағы түйткілдерді шешуге тиіс еді. Ал әлеуметтің әл-ауқатына арналған қорды басқарған Жақыповқа да жақсы іс қылады деп, зор үміт артылды. Дегенмен оның осы жылдың ақпан айында Президенттен оңбай сөз естігені есімізде. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші құрамның жұмыс істегеннің орнына қонақүйлерде шай ішуге әуестеніп, әлеуметтік желіде пікірталас құруға көбірек уақыт бөлетінін айтып, өткір сынға алған еді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отырады. Ашығын айту керек, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады, тіпті күмәнді пікірталастарға да араласып жатады.

Президенттің бұл сыны сол кезде-ақ ұлттық компаниялардың басқару тәсіліне қатысты бірқатар мәселенің барын аңғартты. Өйткені миллиардтаған қаржы айналатын, елдегі бірнеше ұлттық компанияны біріктірген қордың жұмысында көлеңкелі тұстары көп, ашықтық жоқ, – дейді экономист.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Біз экономистер басынан-ақ айттық. Бұл Самұрық-Қазына Қаржы министрлігінде бір басқарма болуы керек. Дүниежүзінде тәжірибе сондай. Сөйтіп мемлекеттік компаниялар азырақ болып, солардың басқаратын бір ұйым болуы керек еді. ал бұл өзінше Үкіметтің ішіндегі үкімет болып отыр. Мәселен инвестиция тарту өте үлкен бір жобаларды қаржыландыру олардың жұмысын басқаруды осы Самұрық-Қазынаға беріп қойған. Ал ол компаниялар өздерімен өздері жұмыс істеуі керек. Мәселен, ҚТЖ, КЕГОК дейміз. өте үлкен басшылары бар. Оларға Үкіметпен ортасында Самұрық-Қазына неге керек?!

Самұрық-Қазынаның портфельдік компаниялары мұнай-газ, уран өндірісі, энергетика, теміржол, байланыс және әуе тасымалы сияқты стратегиялық салаларды қамтиды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қор активтерінің көлемі 44,2 триллион теңгеден асыпты. Алайда мұндай ауқымды қаржының қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр? Халық кеңесінің өкілі, саясаткер Нұртай Сабильянов қор мен оның еншілес компанияларына тәуелсіз аудит жүргізіп, әсіресе мемлекеттік сатып алу жүйесін тексеру қажет деп санайды. Бұл туралы ол фейсбуктегі парақшасында жазды.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Қордың ресми есебіне сәйкес, 2025 жылы сатып алу шарттарының жалпы сомасы 3 трлн 997 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 2 трлн 481 млрд теңге немесе 62 пайызы бір көзден сатып алу арқылы жүзеге асырылған. Мемлекеттік қаражатты бөлу, сатып алу, құрылыс жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейту қажет.

Экономист Сапарбай Жобаев, бұдан былай қордың ықпалын азайтып, мемлекеттік компаниялардың бір бөлігін жекешелендіру қажет, – дейді. Айтуынша, мұндай қадам нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, жеке кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ашады. Өйткені мемлекеттік холдингке қарасты компаниялардың нарықтағы ықпалы мен сатып алу мүмкіндігі шағын және орта бизнестің дамуына кері әсер етіп отыр.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл жекешелендіру бізге не береді. Біріншіден үлкен жемқорлықтар азаяды. Мемлекеттік сатып алу дегенде бәсекелестікке жол ашылады. Кейін ШОБ бізде 38-40 пайызға зорға жеткізіп жатырмыз. Себебі Самұрық-Қазына өте көп осындай қызметтердің көбін өзінің қолына алып алған. Олар қаржыландырғаннан кейін мына жақтан жеке шағын бизнес олармен бәсекелесе алмайды.

Иә, мемлекет жемқорлықпен күресте талай тәсіл қолданса да ашкөздер айылын жимапты. Елді елең еткізген оқиғадан соң Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Ел экономикасының күре тамырына саналатын компаниялардың бірінші басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталғанына жеке тоқталған Президент, бұны – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай деп бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы 248 миллиард теңге болады.

248 миллиард теңге! Аз сома емес! Президент сыбайлас жемқорлыққа батқан теріс пиғылдыларды халықтың қас жауына теңеді. Бұдан былай, парақорлыққа қатысты қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа бүкпесіз көрсетіп отырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз. Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап.

Коррупция – Қазақстанның ғана бас ауруы емес. Аузын айға білеген мемлекеттер де бұл кеселдің тамырына балта шаба алмай келеді. Дегенмен сарапшылар, ірі басшылардың ұсталуы билік пен беделіне сеніп, заңды белден басатындарға сабақ болуы тиіс, – дейді.

ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Самұрық-Қазынаның құрылғанына 20 жылдай болды. олардың ішінде коррупция бар екені талай айтылатын. Талай сын айтылатын. Бірақ ешқашан да бірінші басшылары ұсталмаған еді. 0121 осы оқиға бірталай компаниялардың басшыларына сабақ болды. осыдан кейін олар жұмысты басқаша құрастыратын болады.

Саясаттанушының пікірінше, «шортандардың» ауға түскені мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор үшін бетбұрысты кезең болмақ. Елде «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты орнығуы – лауазымына қарамай, барлық азаматтың заң алдында тең болуынан басталады. Десе де, істің резонансты сипатына қарамастан, құқықтық рәсімдердің мүлтіксіз сақталуы басты назарда болуы керек. Осы ретте заңгерлер жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты істің құқықтық қырларын жіктеп берді.

АҚМАРАЛ ПАЛМАХАНОВА, ЗАҢГЕР:

Біздің республикамызда бұндай үлкен лауазымдағы азаматтарға қатысты қандай да бір қылмыстық қудалау орын алмаған болатын. сондықтан қазір халықтың алдында барлығы тең. Қандай да бір заң бұзған адам жауапқа тартылатынын алға тартуда. Бірақ айтып өткендей, әрбір азаматтың өзінің Конституциялық құқығы бар. Міндетті түрде ұсталды екен деп, кінәлі деп айту әлі ерте. Қылмыстық қудалау органының қылмыстық процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеп-тексеру кезіндегі жарияламайтын міндеттемелері де жүктелген.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Терезеден ұшқан доллардың иесі кім, ал атышулы істің артында тағы кімдер тұр — бұл сауалдардың жауабын құқық қорғау органдары табуы тиіс. Әрине, заң талабы бәріне ортақ: сот үкімі шықпай, ұсталған қос басшыға «жемқор» деп айдар тағуға ерте, олар әзірге күдікті ғана. Десе де, ел экономикасының күре тамырын ұстаған алпауыт компаниялар төңірегіндегі бұл оқиға талай шендінің ұйқысын қашырғаны анық. Өйткені лауазымы мен беделіне сүйеніп, заңнан биік тұруға енді ешкімнің қақысы жоқ!

← Барлық жаңалықтар