Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Алматы метросындағы қаза

Сотқа куәгер ретінде барып жүрген адам ойламаған жерден күдікті болып кетті. Алматы метросындағы пойыз астына түсіп, көз жұмған зағип жанның ісінде небір былықтың беті ашылып жатыр. Кем-кетікке тікелей жауапты басшылардың бәрі ақырында сүттен ақ, судан таза, ал кассир әйел айыпталушы болып шыға келді. Тұтас метроның көмек шақыру түймесі істемеуі, бекеттік қызметкерлердің арасында байланыстың жоқтығы, қауіпсіздік шараларының сақталмауы осы көпбалалы бір келіншектің кінәсі ме деген заңды сұрақ туындайды. Екі жылдан бері тергелген 9 томдық істің мән-жайын әріптесім біледі.

Бұл екі жыл тергеліп, ақыры сотқа жеткен трагедия. Бүгін екінші отырыста пойыз машинисі мен сол күні жұмыс істеген метро қызметкерлерінен жауап алынды. Әуелі аялдамадағы кезекші пойыз қозғалайын деп жатқанда жолаушыға ысқырып, айғайлағанын айтады. Бірақ ол естімеді деп ақталды. Ал марқұмның әкесі «балам шектеу сызығынан өткенінде-ақ, тоқтату керек еді» деп өкінішін білдірді.

НҰРЖАН БАЙТАСОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Балам шектеу сызығынан өткен кезде, кезекші құр ысқырып тұрған. Ысқырғанша, неге тоқтатпады? Оның құлағында құлаққап болғандықтан естімеген дейді. Бірақ кейін бейнебақылаудан қарасақ, жүрісінен-ақ зағип екенін түсінуге болады, өз-өзіне сенімсіз, әлсін-әлсін жүрген. Егер шектеу сызығынан аспағанда, қазір тірі болар ма еді қасымда.

Ал сот алдындағы жалғыз айыпталушы деп танылған келіншек 47 жастағы көпбалалы ана. Ол сол күні кассаға шығыпты. Тек бақылаушы түскі асқа кеткен соң, орнына уақытша тұрған. Марқұмды турникеттен өткізген де өзі. Бірақ айыппен келіспейді, себебі жер астындағы қызметкерлерге хабарлау кезінде дабыл тетігі істен шығып, ешкіммен байланыса алмай қалыпты. Оның үстіне, осыған дейін тергеуге куәгер ретінде қатысып, аяқ астынан айыпталушыға айналдым дейді.

МАЙРА БОЛАТБЕКОВА, АЙЫПТАЛУШЫ:

Менің жалғыз өзімді күдікті қылып сотқа жіберу мәселесі бойынша, өйткені, мен куә ретінде болсам, сотқа кетер едім. Бұл жерде соңғы беттестіру кезінде екі күдікті болған деспо, депо қызметкерлері олар адвокатымен келді. Мен куәгер ретінде болғасын пайдаланбадым.

Айыпталушының адвокаты тоғыз томдық істе бірде-бір куәгер сотқа келмей отыр дейді. Тіпті, тұтас метроның көмек шақыру түймесі, бекеттік қызметкерлердің байланысы, бекеттегі қауіпсіздік шараларының бәрін бір бақылаушының мойнына асып қою да заңсыз екенін алға тартты.

НҰРТУҒАН ӨМІРЗАҚ, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Тоғыз службаның ішінен бір ғана азаматты алып келіп отырғызып қоюдың өзі өте көп күмән туғызады. Екі жыл тергелген істе ең соңында кассада отырған адамды кінәлі етсе, онда кассадан алдын өткізген служба неге кінәлі емес, қабылдаған служба неге кінәлі емес, камерада ситуативно отырған адамдар неге кінәлі емес? Оның барлығын жеке-жеке дәлелдемемен беттестіріп, осы кісімен нұсқаулықтарын қойып беттестіру керек еді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылдың 10 желтоқсанында Абай бекетінде болған еді. 26 жастағы зағип жігіт рельске құлап қаза тапты. Сондағы куәгерлер көмектеспек болып, пойызды ары-бері теңселткенімен, оны аман алып қала алмады. Одан кейін Алматы билігі метро бекеттеріне жолдан бөліп тұратын қоршау орнатамыз деп уәде берген, бірақ, ол да жарты жолда тоқтап қалды.

← Барлық жаңалықтар