Алматыда ер адам бөтелкелес танысын өлтіріп, мәйітін жертөлеге жасырып қойған. Қанды оқиға Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірінде болды. Түні бойы ащы суға сылқия тойған екеуі аяқ астынан сөзге келіп қалып, жанжалдасқан. Ашуға булыққан 50 жастағы үй иесі 45-тегі қонағына пышақ сұғып алып, салдарынан жәбірленуші сол жерде тіл тартпай кеткен. Ал күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмның денесін жертөлеге сүйреп түсірген көрінеді.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Жедел-іздестіру кезінде «Боран 609» патрульдік экипажының қызметкерлері күдіктіні ұстады. Оқиға орнынан қылмыс құралы тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.