Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Энергияны үнемдеу талаптары күшейтіледі

Елімізде энергия үнемдеу талаптары күшейтілмек. Осы бағыттағы заңнамаға түзетулер енгізіліп, ірі кәсіпорындардың жауапкершілігі артады, ал жергілікті әкімдіктердің құзыреті кеңейеді. Құрылтайда қаралған заң жобасында тағы қандай жаңашылдықтар бар?

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Енді энергия ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық беріліп, бақылау жүргізіледі. Құрылтайда мақұлданған заң жобасының ең маңызды тұсы да осы. Өзгеріске сәйкес, ірі тұтынушыларға қойылатын талап күшейеді. Мәселен, кәсіпорындар үшін қуат тұтынудың шекті көлемі 100 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін азайтылады. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелер, яғни, мектеп, балабақша мен ауруханалардың шығыны тұрақты түрде тексеріліп отырады. Белгіленген нормадан асып кетіп, талаптарды орындамағандар айыппұл арқалауы мүмкін.

АРМАН ҚАЛЫҚОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Біздің елімізде 14 мыңнан аса мемлекеттік ғимараттар бар. Ондай нәтижеге мемлекеттік мекемелердің энергия тиімділігі стандартына сәйкес және қосымша 5 мыңға жуық ұйым үшін кеңейтілген талдау енгізіледі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде экономикадағы энергия сыйымдылығы — яғни, бір өнімді өндіруге кететін жарық, газ бен отын шығыны 4 пайызға төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Сонымен қатар елімізде энергия тұтынуды автоматты түрде есептейтін жаңа жүйе енгізілмек. Оның көмегімен қала мен ауыл-аймақтардың, тіпті, ғимараттар мен жеке пәтерлердің қанша электр қуатын жұмсайтынын нақты анықтауға болады. Осылайша, тұтыну көлемін дәл есептеп, энергия өндіруді нақты қажеттілікке сай жүзеге асыра аламыз.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Заң жобаларында ұсынылып отырған шаралар энергия үнемдеу талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және заманауи технологияларды енгізуге тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп санаймын. Бұл ретте нәтижені энергия ресурстарының нақты үнемделуі, энергия шығындарының қысқаруы және қаржылық шығындардың азаюы негізінде бағалау қажет. Жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі дәл осы көрсеткіштермен айқындалуға тиіс.

Сондай-ақ алдағы уақытта энергия аудитін жүргізетін ұйымдарға жүктелетін міндет артады. Енді олардың қажетті жабдықтары өз меншігінде болуы тиіс. Бұл тексеру сапасын арттырып, жұмыстың уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді.

БЕКЖАН ӘЛІМҚҰЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Энергия аудитін жүргізетін ұйымдардың меншік құқығында қажетті жабдық болуына қатысты талаптарды күшейту көзделеді. Бұл шара энергетикалық аудиттің сапасы мен объективтілігін арттыруға, сондай-ақ объектілердің энергия тиімділігін бағалау кезінде формальды тәсілге жол бермеуге бағытталған. Аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобына 110-нан астам түзетулер келіп түсті.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Заң жобасының басты мақсаты – ресурстарды ұтымды пайдаланып, әрбір киловаттың тиімділігін арттыру. Осы арқылы артық шығындарды қысқартып, жылына 11 млрд теңгеге дейін қаражат үнемдеу көзделген. Ұлттық энергия үнемдеу орталығының дерегінше, 20 мың мемлекеттік мекемеге жасалған талдау коммуналдық төлемдерді азайтудың айтарлықтай мүмкіндігі барын аңғартқан.

← Барлық жаңалықтар