Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 29 қаралым

Ерекше балалар салған суреттер көрмеге қойылды

Ұлттық музейде ерекше балалардың қолөнер бұйымдары мен салған суреттері қойылған «Елім менің Қазақстаным» атты көрме ашылды.

Кенепке түскен бояу мен ермексаздан жасалған бұйымдардан балғындардың туған елге деген шынайы махаббаты сезіледі. Әрбір жұмыс өзінше ерекше. Мұнда бір-біріне ұқсайтын туынды жоқ, дегенмен бәріне ортақ Қазақстанға деген шексіз махаббат бар.

«Мейірім» әлеуметтік жобасы аясында қолға алынған шара Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналып отыр. Көрмеде әр өңірден іріктелген 50 жас таланттың 60-қа жуық үздік туындысын тамашалауға болады.

Бибігүл Арыстанбекова, ҚР Ұлттық музейінің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері:

Бұл жолы туындылар Тәуелсіздік мерекесіне орай «Елім менің Қазақстаным» тақырыбында болды. Осы жоба аясында жыл сайын көрме мен фестивальдер ұйымдастырылады. Балалар жұмыстарына шамамен 4 ай уақыт жұмсаған. Картиналармен қатар қолөнер бұйымдары да бар. Барлығы өте керемет. Әсіресе, 3 жыл қатарынан қатысып келе жатқан қатысушының жұмысы ерекше есте қалды.

Ал жас суретшілердің шығармашылығын шыңдап жүрген жетекші мұндай жобалардың ерекше балалар үшін маңызы зор екенін айтады. Өйткені бұл бастама олардың бойындағы талантын көпшілікке паш етуге зор мүмкіндік береді.

Айна Ысқақова, қатысушылардың жетекшісі:

Бүгін біз 5 оқушының жұмыстарын осы музейге қойғанына өте қуаныштымыз. Осындай көрмелер өте қажет. Өйткені ерекше білімді қажет ететін балалар өздерінің ойларын толық жеткізе алмаған кезде шығармашылық, қолөнер арқылы көңіл күйі мен ойын жеткізе алады деп ойлаймын.

← Барлық жаңалықтар