Тараз қаласындағы арықтың суы әп-сәтте қызыл түске боялып, тұрғындардың зәресін алды. Мұны көргендер белгісіз ауру таралып кетпей ме деп алаңдаулы. Бұл жағдай, әсіресе, бау-бақшамен күнелтіп отырған тұрғындардың көңіліне күдік ұялатты. Олар маңдай термен еккен өніміміз қурап қалмаса екен деп қауіптенеді.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Арықтан осындай қызыл су ағып жатқанына жарты сағат болды. Қып-қызыл. Қан ба, әлде бояу ма — белгісіз. Жеміс ағаштарымыз бар, соған алаңдап отырмыз
Жергілікті билік бұл оқиғаға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Тексеру барысында арықтан малдың ішек-қарны табылған. Қазіргі таңда сынамалар алынып, тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ШЫҢҒЫС ЕРҒАРАЕВ, ӘУЛИЕАТА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта жұмыс тобы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сынамалар алынып, зертханаларға тапсырылды. Тұрғындарға жалған ақпарат таратпауға және тек ресми ақпаратқа сүйенуге кеңес береміз.
Дәурен Доғдырбай