Мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеп, қолайлы орта қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Алайда қағаз бетіндегі есеп пен шынайы өмірдегі жағдай әлі де сәйкес келмей отыр. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов инклюзия саласындағы инфрақұрылымның қолжетімсіздігі мен маман тапшылығын қатаң сынға алды. Елімізде осы санаттағы 750 мыңнан астам азамат бар. Олардың көбі әуежайға кіре алмай, бассейнде жүзе алмай, вокзалда емін-еркін қозғала алмай әлек.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Ерекше қажеттілігі бар жандарға кедергісіз орта қалыптастыру ісі табалдырықтан әрі аспай тұр. Арнайы жабдықталған нысандардың қолжетімділігі әлі де көңіл көншітпейді. Мәселен, Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында бейімделген ғимараттар үлесі артқанымен, Маңғыстау мен Ұлытау өңірлерінде бұл көрсеткіш төмен. Құзырлы министрлік олқылықтың орнын толтыру үшін осындай орталықтарды көбейтуді көздеп отыр.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Ел бойынша мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған 33 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 жаңа орталық ашылды. Осы жылдың мамыр айында Атырауда тағы бір орталық ашылады. Қазіргі таңда 7 орталықтың құрылысы мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Еліміздегі мүгедектігі бар жандардың 56 пайызы еңбекке қабілетті. Демек, оларға қолайлы орта ғана емес, лайықты жұмыс та қажет. Асқарбек Ертаев атап өткендей, жыл соңына дейін инклюзивті еңбекпен қамту мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр. Дегенмен Үкімет басшысы азаматтарды қоғамға бейімдейтін кадрлардың жетіспеушілігін алға тартты. Министр бұл мәселенің бар екенін жоққа шығармады.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Сұраныс бойынша биыл елімізге 69 сурдолог, 98 реабилитолог және 2 мыңнан астам логопед қажет. Биыл колледждер мен университеттерден 181 сурдолог, 190 реабилитолог және 1412 логопед оқуын аяқтайды. Бұл жас мамандар екінші жартыжылдықта жұмысқа кіріседі.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың ел қатарлы қызмет алып, еңбек етуімен қатар, қоғамдық ортада кедергісіз жүріп-тұруы да аса маңызды. Дегенмен вокзалдар мен әуежайлардағы жағдай сын көтермейді. Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға осы санаттағы адамдарға қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Көлік министрінің айтуынша, теміржол саласында жылжымалы құрамның 90 пайызы көтергіш құрылғылармен және бейімделген купелермен жабдықталған. 2030 жылға қарай әрбір пойыз құрамында кемінде бір арнайы вагон болады.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
Вокзалдарды жаңғырту аясында пандустар, лифтілер, көтергіш құрылғылар орнатылып, касса аймақтары мен санитарлық бөлмелер жаңартылуда. Билеттерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар ЖСН арқылы арнайы купелерге онлайн рәсімдеу тетігі іске қосылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 580 мың жолаушы тасымалданды.
Жиында дамуы тежелген балалардың жайы да назардан тыс қалмады. Мұнда да мәселе аз емес. Премьер-министр педагогтердің басым бөлігі ерекше балалармен жұмыс істеуге дайын емес екенін айтты. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі тұрақты түрде арнайы курстар өткізуі қажет деді. Жалпы, Үкімет басшысы жауаптыларға нақты мерзім белгілеп, жұмысты жандандыруды тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін инклюзияны қолдаудың жаңа тәсілдері мен кешенді моделіне сәйкес заңнамалық түзетулерді әзірлесін. Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің сапалы жаңа моделін енгізсін. Менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларды кешенді қолдаудың бірыңғай ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру қажет.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Ерекше қажеттілігі бар жандардың қатары азайған жоқ. Демек, бұл мәселені шешу үшін тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның бірлескен жұмысы қажет.
Бердібек Қарынбай