Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Кез қайда асық атып, ләңгі ойнаған…

Елімізде ерекше балалардың саны жыл сайын артып барады. Тіпті туғанда сап-сау болып көрінген нәрестенің өсе келе дамуы тежеліп, ата-аналары шарқ ұрып жүр. Мамандар бұған бүлдіршіндердің тас қабырғада қамалып, телефонмен оралып отыруы себеп дейді. Ешбірі асық пен ләңгінің не екенін білмейді. Ұлттық ойыннан ажыраған ұрпақтың болашағы қандай болмақ?

Айгүл Ахметова – қос перзенттің анасы. Ол баласының өзгешелігін екі жарым жасында байқай бастаған. Алғашында аса мән бермеген. Уақыт өте келе бүлдіршіннің адам көзіне тіке қарай алмайтынын, өзге балалармен ойнамайтынын аңғарыпты. Дәрігерлердің тексеруінен кейін ұлына сөйлеу дамуының тежелуі диагнозы қойылған.

АЙГҮЛ АХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жалпы, балама мен байқайтыным – басқа балалармен ойнауы қиындап кететін. Балаларды таңдайды, қай баламен ойнайтыны-ойнамайтыны қиындау. Тіпті бір уақытта сөз айта алмағаннан жылайтын. Бірақ қоя келді. Бірақ сондай қиындықтар болатын.

Былтыр елімізде 757 мыңнан астам ерекше жан тіркелсе, оның 17 мыңы аутизмге ұшыраған. Бұл қарапайым санақ емес, көңілді алаңдататын дерек. Әсіресе 19–20 жылдары туған бүлдіршіндер арасында бұл мәселе жиі кездеседі. Мамандардың бірі мұны пандемиямен байланыстырса, екіншісі телефонның әсері деп отыр.

ШОЛПАН НҰРАХМЕТОВА, ҚР ДЕФЕКТОЛОГТАР ЖӘНЕ ЛОГОПЕДТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазір қарап отырсақ, сенсорлық дамудың тежелуінде. Яғни бала бізде қалай бір жерге барады: ана жерге барма, түсіп құлайсың дейді. Ата-ананың өбектеуі көп, шамадан тыс өбектеп жібереді баланы. Оның барлығы баланың сөйлеуінің тежелуіне кері әсерін тигізеді. Бала деген емін-еркін, мына төрт қабырғада телмірмей өсуі керек.

Бұл мәселе жаһан жұртын алаңдатып отыр. Тек жапон халқы ғана осы кілтипанның кілтін тапқан. Балаға мүлде телефон ұстатпайды. Сымсыз құрылғыға шұқшия қараған жеткіншек жоқтың қасы. Тиісінше балабақша тәрбиешілері болашақта қандай маман иесі болатынын анықтап, бағыт-бағдар береді. Ал этнограф бұл жайлы былай дейді.

ТАЛҒАТ ОМАРОВ, ЭТНОГРАФ:

Қытайдың балабақшаларын қарасаңыз, түгелдей кішкентай балалар, қыздары еңбекқор. Ойлайсың, бір үлкен фабрикада жұмыс істейтіндей. Ал ұлдары түгелдей зауытта жұмыс істеп жүргендей. Барлығының түбінде осы Қытайдың идеологиясы тұр. Міне, көрдіңіз бе, осы – ұлттық уыз. Ұлттық уыз деген дүниені ұмыттық.

Өзгенің қаңсығын таңсық қылудың қажеті жоқ. Алты ғасырлық тарихы бар алаш жұрты техникасыз-ақ баланың қиялын дамытып, табиғатпен етене араластырып өсірген. Мәселен, бес тас ойнатып, ләңгі тепкізіп, ақыл-ойын дамытқан. Өкінішке қарай, қазіргі жас буын оны біле бермейді.

«Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген қазақ. Иә, осы бір ұлттық құндылығымыз сақталса, баланың да ойы ұшқыр, тілі жетік болар еді.

← Барлық жаңалықтар