Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Ауылдастары алдап-сулап, жұртқа несие алдырған

«Несиеңізді жауып беремін» деп, ауылдағы ағайынды тақырға отырғызып кеткен алаяқ. Қарағанды облысы, Шет ауданының тұрғындарын өздерінің ет жақын ауылдасы әбден алдап соққан. Берешектен құтылуға көмектесемін деген желеумен жұртты тағы да жаңа кредит алуға мәжбүрлеген. Бүгінде 126 адам осы алаяқтың арбауына иланып, барынан айырылып, опық жеп отыр.

ЛӘЗЗАТ АЙТБЕК, ШЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырды. Көп адам біле бермейтін арнайы бағдарлама бар екенін айтты. Сондай-ақ ол бухгалтерияның операциялық бөлімінде жұмыс істейтінін және сол бағдарлама арқылы несиелерді жабуға болатынын жеткізген еді.

Ақадыр кентінің тұрғындары өздері күнде көріп, бірге араласып жүрген ауылдасының арбауына түсіп, ақыры бармақ тістеп қалды. Әлгі алаяқ жұртқа «қарыздарыңызды тез арада жауып беремін» деп уәде еткен. Алайда берешектен құтылудың жолы – жаңадан несие алу керек деп үгіттейді. Яғни «Ұлттық банктің артық ақшасы бар, соның есебінен бәрін реттеп, жауып тастаймыз» деген желеумен әбден жұрттың іш бауырына кірген.

ЛӘЗЗАТ АЙТБЕК, ШЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Несиесі мақұлданбағандар үшін оның өз таныстары болған. Ол адамдарға «мына банкке барыңыз, мына кісіге жолығыңыз» деп бағыттап отырды. Тіпті өзінің менеджерлеріне де қоңырау шалып, нұсқау беретін.

Әрине, шын мәнінде мұндай бағдарлама елде атымен жоқ. Бірақ бұқара еш күмән келтірместен қарыздарынан құтылу үшін жаңа несие рәсімдей берген. Мәселен, Мөлдір Айнабаеваның өзінде азғантай, ал күйеуінде 8 миллион теңгедей кредиті болған. Ескі берешегін жабамын деп, банктерді жағалап жүріп, ақыры алаяққа 10 миллион теңге қаражатты алып беріпті.

МӨЛДІР АЙНАБАЕВА, ШЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен алты ай ойланып жүрдім. Ақырында 2023 жылдың желтоқсанында 10 миллиондай алып бердім. Маған «сен маған куәлігіңді алдын ала бер. Біз алдын ала банкте таныстарымызға ескертіп, сенің куәлігіңді беріп қоямыз» деді. Мен алдын ала бір күн бұрын бердім. Сосын барған бетте ешкім ешқандай артық сұрақ та қойған жоқ. Бірден бәрі бере берді.

Кейбір тұрғындар ақшаны күдіктінің өз қолына тапсырса, енді бірі делдалдар арқылы берген. Қылмыстық іс бойынша 126 адам жәбірленуші ретінде танылған. Қазірдің өзінде 70-тен астам адам сотта жауап беріп үлгерді. Алайда бұл істе жауаптан гөрі, әзірге шешілмеген сұрақ көп.

ЖАҢЫЛСЫН ШАМУРАТОВА, СУДЬЯ:

Банкпен өзіңіздің қарым-қатынасыңыз бар ғой. Договорные отношения сіз бен банктің арасында. Сіз барасыз да, басқа біреуге бересіз. Атыңызда бар ғой 6 миллион теңге. Неге төлеп отыра бермедіңіз?

Судья жәбірленушілерден нақты әрі тұщымды жауап ала алмады. Тұрғындар болса, берілген уәдеге сеніп қалғандарын айтып, енді банктер несиелерімізді кешіреді деген үмітте отыр.

СОТТАЛУШЫ:

Факт мошенничестваны мен мойындамаймын. Мен ондай нәрсе істемеймін. Мен арты мұндайға әкеледі деп ойлаған жоқпын. Мен халықты алдаймын деген де ойымда болған жоқ. Бұл жерде жалғыз менің атымды жамылып, басқа да адамдар ақша алған. 126 адам. Мен нақты өзімнің алған адамдарымды, иә, айтып тұрмын, мойындап тұрмын.

Сотталушы өзін сабырлы ұстап отыр. Ол 33 жаста, үш баланың анасы. Қазіргі таңда үйқамақта. Іс аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша қаралуда. Айыпталушылардың саны көп болғандықтан, сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін.

← Барлық жаңалықтар