900 мың теңге неге жетеді? Депутат Бақытжан Базарбек айлығының аздығын айтып, жалақысы отбасының қарапайым шығындарын жабудан да артылмайтынын жеткізді. Сол себепті халық қалаулысы әйелінен жұмыс істеуін өтініпті.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Біздің кей депутаттарымызда 5-6 баладан бар. Бір баланы балабақшаға немесе қандай да бір үйірмелерге апару, киіндіру үшін кем дегенде 300 мың теңге кетеді. Мысалы, менің алатын 900 мыңнан астам жалақым жеке өзіме жетпейді. Сондықтан мен әйеліме де жұмысқа шықшы деп өтіндім.
Мәжілісмен «депутаттардың жалақысы өсе ме?» деген сауалға осылай деп жауап қатыпты. Сөзінше, бұл мәселені шешетін ол емес. Дегенмен қазіргі экономикалық ахуал кезінде мұндай қадамға бару ақылға қонымсыз деп бағалады. Депутат бұл сұрақ алдағы бес жыл көлемінде көтерілмеуге тиіс деді.