Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Алты ай сусыз отыра ма?

Тараздықтар салқын суға жуынып жүр. Жыларман болған жұрттың басқа амалы қалмаған. Жылу құбырларын жаңғырту жұмыстары ұзаққа созылғаны сонша, бүрсең қаққан бұқара шетінен ауырып жатыр. Кейбірі қара тастай тіршілік нәрін газға жылытып, әуреге түскен. Алдағы алты ай ыстық судан ада қаласыңдар дегенді естіген ағайын арнамызға шығып, арызын айтты.

Мәншүк Жетібаева күн сайын жуынатын бөлмеге үнсіз үмітпен кіріп, сол күйі көңілі түсіп шығады. Өйткені кейуана шүмекті ашып-жапқан сайын бір сәтке жылы судың даусы естілер ме екен деп тосады. Үй ішіндегі тіршілік те соған бейімделіп кеткен. Асүйде газда су қайнап, әр күннің жылуы сол шәугімнен тарайды. Ыстық судың ұзақ уақыт бойы берілмеуі күнделікті тұрмысты айтарлықтай қиындатыпты.

МӘНШҮК ЖЕТІБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Салқын суға шомыламыз. Сосын газға шелекке қойып қоямыз. Баяғы өмірімізге келе жатырмыз ғой. Жылуды да ерте өшіріп тастадыңдар. Әкімдік, Тараз ыстық судың бастықтары бәрін ойлау керек қой.

Самал мөлтек ауданында кей тұрғындар мұздай суға шомылуға мәжбүр. Сөздерінше, үй ішіндегі салқындыққа байланысты балаларын жиі жуындырмайды, суықтап қалады ма деп алаңдайды. Сол себепті олар сабаққа барарда беті-қолын ғана шаяды.

ИЗАКҮЛ ҚАСЫМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бір айдан бері жуынған жоқ балалар. Өзіміз мүлде жуынбаймыз. Балаларымыз шаңға ойнап келеді. Ол бала жуынбай ма, жуыну керек қой. Енді біз қазанға дейін қалай күн көреміз. Шіреміз ғой шынын айтқанда.

Жергілікті билік өкілдері бір айға созылған жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Қазір көпқабатты үйлерге ыстық су қайта беріліп жатыр екен. Алайда Алатау мен Самал мөлтек аудандарындағы құбырлардың тозуына байланысты суды уақытша тоқтатыпты.

АБЫЛАЙ ТОҒАЙБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымын қауіпсіз өткізуге бағытталған. Жылу желілерінің тозу деңгейі 75 пайыздан жоғары көрсетті. Бұл дегеніміз өте жоғары көрсеткіш. Соған байланысты ЖСҚ әзірледік. Қаражатын республикалық бюджеттен сұрадық. Бүгінгі таңда қолдау тауып, құрылыс жұмыстарын қазір жүргізіп отырмыз.

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Атқамінерлердің айтуынша, ескіріп, тот басқан құбырлар қазір жаңартылмаса, қақаған қыста 100-ге жуық көпқабатты үй жылусыз қалуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қараса дейді. Сараптамаға сәйкес құрылыс мерзімі 9 ай деп белгіленген. Алайда әкімдік бұл жұмысты мердігер мерзімінен бұрын 6 айда аяқтайды деп сендірді.

← Барлық жаңалықтар