Ақтөбелік жүргізушілерден кешелі-бері маза қашты. «Қалада арнайы экипаж қаптап кетті, жаппай тексеріп жатыр» деген хабар желдей есіп, жұртты тіксінтіп қойды. Тіпті, кейбір тізгіншілер темір тұлпарын қаңтарып қойып, уақытша қоғамдық көлікпен қатынаймын деп шешіпті. Мәселенің мән-жайын полицейлер түсіндірді. Бұл — «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы екен. Мамырдың 17-сі мен 25-сі мамыр аралығында өтетін күшейтілген өңіраралық патрульдеу жұмысына Астана қаласынан, Қарағанды мен басқа да облыстардан қосымша күштер тартылыпты.
ЕРКІН ӨТЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Іс-шараның алғашқы күнінде жол қозғалысы ережелерінің 500-ден астам бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 8 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарған, 60 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, 18 жүргізушінің жүргізуші куәлігі болмаған, 6 жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өткен, ал 24 жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған.
Бұдан бөлек, жедел-алдын алу шарасының алғашқы күні айып тұрағына 50 көлік құралы қойылған. Оның он екісі — транзиттік мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген автокөліктер болып шықты.