Мазмұнға өту
· 19 қаралым

Алматыда 2 мың адамды кене шаққан

Биыл Алматыда кенелер ерте оянды. Көктем шыққалы бері екі мыңнан астам адамды осы зиянды жәндік шағып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл былтырмен салыстырғанда әжептәуір көп. Зардап шеккендердің жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар екен. Ал мамандар қалада кене энцефалиті ауруының екі жағдайы тіркелгенін растап отыр. Қансорғыштан жабысқан жағдайда 4 күн ішінде дәрігерге жүгіну керек. Себебі бұл жәндіктің уыты адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайды екен. Дер кезінде емделмесе, мүгедек болып қалу қаупі бар.

АЛМАШ АХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ДСБ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Кене энцефалитімен ауырған екі науқасты кене Алматы қаласындағы саябақтарда шақпаған. Олардың бірін Талғар ауданында саңырауқұлақ жинауға барған кезде шаққан. Екіншісін демалыс күндері мамыр айының басында Түрген шатқалында демалған кезде шаққан. Ол адамдар екеуіне де диагноз қойылды. Ем қабылдап жатыр.

Кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңінде 2 мың 300 гектарға арнайы сұйықтық шашылған. Екіншісінде 660 гектар қамтылмақ. Қазынадан бөлінген 36 миллион теңге алматылықтар жиі баратын Медеу, Бұтақты, Көлсай, Сұлусай, Алма-Арасан шатқалдарын залалсыздандыруға жұмсалады. Ал дәрігерлер тауға жиі шығатындарға міндетті түрде кенеге қарсы екпе салдыруға кеңес береді.

← Барлық жаңалықтар