Шымкентте тұрғындардың аузын айға қаратып, тақырға отырғызып кеткендер тергеліп жатыр. «Капитал» атты пирамиданы құрғандар инвестициялық платформа ретінде жұмыс істейміз деп жұртты сендірген. Ал түпкі арам пиғылдарын әлеуметтік желіде жүзеге асырып отырған. Жұртты «бізге ақша салсаң, айналдырған 3-4 күннің ішінде құйған қаржының үстінен 30-50 пайыз көлемінде пайда табасың» деп иландырыпты. Ал бұған көзсіз сенгендер 20 мыңнан бастап 500 мың теңгеге дейін шытырлатып санап берген. Ал шын мәнінде салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Өстіп біртіндеп сенімге кіргендер адам көбейген тұста дым татырмаған. Осылайша, күдіктілер 700 миллион теңгені қалтаға сүңгітіп, жалғанды жалпағынан басып жүріпті.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Уәде етілген табысқа кепілдіктер тек ауызша беріліп, нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе қандай да бір шарттық міндеттемелермен қамтамасыз етілмеген. Шын мәнінде салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражаттан жүргізілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 900-ден астам салымшы тартылып, жалпы салынған қаражат көлемі 700 миллион теңгеден асқан.