Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Жандарын шүберекке түйіп отыр

Ақтөбеде бір үй бар. Адамдары жанын шүберекке түйіп, «түннен түгел шықсақ екен» деп таңға дейін тілеп отырады. 70 жыл бұрын салынған сегіз пәтер тек тұрғындарының жамап-жасқауымен әрең түрегеп тұр. Мәселесін айтқан қарашаға қайырылар шенді қайсы?

Бұл үйдің табалдырығын аттаған адам аяғын ақырын баспаса, еденінен бастап, қабырғасына дейін үгітіліп әрең тұр. Төбесінен су аққан соң, пәтердің іші көктей бастапты. Едендері сықырлап, төбесі де әр жерден бұзыла бастапты. Тұру мүмкін болмаған соң кейбір тұрғындар пәтер жағалауға мәжбүр.

МӘНШҮК МӘМЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жамап-жамап тұрып жатырмыз ғой. Менің үйімнен де су ағады да тұрады. Мысалы, кухнямда көрініп тұр бүйтіп. Айтсақ, енді ол үйге кезекке қоямыз дейді. Ол кезекке қойғанша үйдің жартысы – пенсионерлерміз, оған дейін біз өліп қаламыз ғой, сөздің шыны керек.

АЗАТ ТОҚПАНБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қорқамын да, жұмыста отырған кезде балалар құлап кетсе. Дұрыстап бағалап берсе үйдің бағасын. Бізге айтты алдында 3-4 млн деп. Ол 3-4 млн не болады?

Үрей құшағындағы жұрт бастапқыда кем-кетікті шамасы жеткенше өз бетінше жөндеп көрген екен. Болмапты. Шатырдың күйі тіпті адам шошырлық. Үңірейіп тұр.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Жаңбыр жауып, жел тұрса бұл үйдің тұрғындарының қорқынышы екі есе ұлғаяды. Өйткені шатырдан су сорғалайды. Сондай жаңбырлы күннің бірінде төбедегі мұржа дәліздің ортасына түскен. Содан кейін тұрғындар өз күшімен ағашпен, сым темірмен байлап қойған.

Кірпішті ауданындағы апатты үй жалғыз бұл емес. Көршілес тұрған екі қабатты екі үйді бірер жыл бұрын анықтаған. Біреуін сүріп, екіншісі жартылай бұзылған күйі тұр. Тұрғындардың айтуынша, ол үйдің қожайындарына 8-9 млн теңге өтемақы төлепті. Біздің пәтерімізді де солай бағалап берсе деп отыр.

ӘСИМА ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Мемлекеттік бюджетке заявка беріп қойдық. Бірінші бағалау жүргіземіз тұрғындардың үйіне. Содан кейін біз жұмыстар жүргіземіз. Егер ол реквизициялық тәртіппен бюджеттен қаражат қарастырылған болса, мемлекет тарапынан сатып аламыз, яғни өтемақы төлеу арқылы. Ал егер бюджетте қаржы қарастырылмаған болса, біздер инвестор іздеу арқылы жұмыстанамыз.

Ақтөбенің әкімдігі 39 үйді апатты деп таныпты. Олардың әрқайсысына тексеру жүргізіп, қорытынды жасайды. Тәртіп бойынша бағалау қорытындысы бойынша тағайындалатын өтемақы тек барлық тұрғын оның мөлшерімен келіскен жағдайда төленеді.

← Барлық жаңалықтар