Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Желіге есі кеткен балаларға тоқтау салатын күн алыс емес

Елімізде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынбақ. Телефонға бір телмірсе шыға алмай қалатын жеткіншектерді бәдік әлемге жолатпау мәселесі Үкіметте талқыланып жатыр екен. Ал алдағы қыркүйектен бастап жұмысқа кірісетін Құрылтай осы заң жобасын алғашқылардың бірі болып қарайды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі мәлімдеді. Евгений Кочетовтың сөзінше, құжат депутаттардың қарауына жаңа сессияда шығарылады. Бұл тетіктер ауадан алынған жоқ. Жауаптылар Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, біздің қоғамға бейімделген ережелерді бекітпек. Мәселен, қазір жаһанда алғаш болып Аустралия дәл осындай заң шығарып, қолданысқа енгізіпті. Ал ведомство әзірлеген ұсыныстардың арасында бұл жобадан бөлек, қоғамға онлайн ақыл айтып жүрген коучтердің жұмысын реттейтін норма да бар.

ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Кәрі құрлық елдерінің басым көпшілігі қазір осы тақырып бойынша құжаттарды қайта қарастырып жатыр. Негізі, Еуропарламент мұны ұлттық заңнамаға енгізуді ұсынды. Аталған нормалардың маңызды екеніне сенімдіміз. Онда 16 жасқа дейінгі балаларға тіркеуден өтуге шектеу болады деген ереже бар. Жаңа тетіктерді әдейі заңға енгіздік. Бұл қадамдар мемлекеттік органдармен бірге талқыланып жатыр. Десе де әлі Парламентке жолданған жоқ.

← Барлық жаңалықтар