Астанадағы кафелерге ит еті жеткізілген. Екі күннен бері әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарап, көпшіліктің көңілі күпті болып қалды. Даудың басы YouTube арнасына шыққан подкасттан басталды. Қоғам белсенділері Сергей Снегирев пен Темірлан Тоспаев танымал продюсер Тимур Балымбетовке берген сұхбатында үй жануарларын аулауға қатысты заңсыз схемалар бар екенін айтқан. Олардың сөзінше, Оралда бұралқыларды ұстауға қатысты тендерді ет комбинаты ұтып алған және елордалық кафелерге 750 келі ит еті жеткізілген. Бірақ бұл ақпаратты «Астана Ветсервис» жоққа шығарды. Олар мұны осыдан үш жыл бұрын болған оқиғамен байланыстырып отыр.
АСТАНА ВЕТСЕРВИС, МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ:
Хабарланған мәліметтер 2023 жылы Ақмола облысы аумағында жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымы анықталған оқиғаға қатысты екенін мәлімдейміз. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес тергеу жүргізді. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімді жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде расталған жоқ. Елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіледі.
Бұл мәселені бүгін Үкімет брифингінде журналистер де сұрап көрді. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары нарыққа келген өнімнің бәрі тексерістен өтетінін айтты.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ауыл шаруашылығы министрлігі және оның құзыретіне кіретін ветеринарлық бақылау комитеті бізде Қазақстанда нарыққа келген еттерді тексереді. Әр келген еттің партияларына да арнайы анықтама беріледі. Сосын ветеринарлар ұсынымдарын беріп, тексереді. Иттің еттері тамаққа жарамайтын ет қой. Бұл дүниеге міндетті орын бар. Ол — санитарлық-эпидемиологиялық қызметі. Барлық нарыққа келетін еттерді біз тексереміз.