Алматыда үш адамның өмірін қиған сұмдық жол апатына қатысты іс сотқа жіберілді. Бұны қайғыдан қан жұтқан отбасылардың бірінің адвокаты мәлімдеді. Бұл іс Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен тергелген. Біріншісі – айыпталушының мас күйде рөлге отырғаны, екіншісі – құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі. Алдын ала сот отырысы 28 мамырда өтеді. Еске салсам, қоғамда үлкен резонанс туғызған бұл жол апаты 21 наурыз күні түнде Әл-Фараби даңғылында болған еді. Қытайдың қымбат көлігін басқарып құйғытқан жүргізуші қарсы жолаққа шығып кетіп, неміс темір тұлпарымен бетпе-бет соқтығысты. Өз жолымен келе жатқан машинадағы үш адам: жас жігіт пен екі бойжеткен сол жерде қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Алматы полиция департаментінің бірнеше лауазымды тұлғасы қызметінен босатылды.