Жер жәннаты Жетісу дейміз. Бірақ осы өңірде бақшада өскен жемісін қарайтып, тұрғындарын қысы-жазы дәрігерге қаратып қоятын бір қауіпті жер бар.
НҰРҒАЗЫ РАЗБЕКОВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мысалы, мына біздің алмалар, жеміс-жидек түгелі құрып жатыр ғой. Қайдан келгенін білмеймін. Бұрын осыдан 15 жыл бұрын ондай болған жоқ. Алма піседі де, өзімен-өзі қап-қара болып қалады.
БОЛАТХАН ӘБИЕВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Негізі оны жергілікті тұрғындар айтады, радиационный могильник деп. Дозиметр бар ғой, сонымен өттік дейді, кемпір-шалдары айтады. Төбеде, шатырда радиация үлкен дейді.
Бар гәп қорғасын мен мырыш өндірісінен қалған қалдық қоймасында екен. Кезінде аймақ экономикасының тірегі болған ірі комбинат бүгінде айналаға төнген үлкен қауіп. Түрлі химиялық қоспаның бар шаң-тозаңы желмен ұшып, ел-жұрт түрлі ауруға шалдығып жатыр.
ЕРАСЫЛ БЕКЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Қорғасын-мырыштың қалдықтары емес, басқа да ауыр металдар орналастырылған. Яғни бұл қандай да бір желдің экстремалды жоғары ластану жағдайлары болған жағдайда атмосфералық ауаға көтеріліп, қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына белгілі зиянын тигізуі мүмкін.
Қазірдің өзінде тек Текелі қаласы бойынша онкологиялық есепте 520 адам тұр екен. Ал жалпы өңірде 8 мыңға жуық тұрғын жазылмас дертпен күресіп жатыр. Жергілікті биліктегілер де аймақтағы экологиялық ахуалды дұрыстау үшін кешенді жұмыс атқарып келеміз дейді. Қазір бір мердігер компаниямен мәмілеге келіпті.
ҚУАНДЫҚ БАЙСАҚОВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол кісілер келді қараша айында, жұмыс атқарып жатыр. Қазір осы жерден анализ алды 4 ай бұрын. Зертханаға өткізді. Зертханадан кейін қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады қандай шара қабылданатыны.