Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Астана мен Найроби арасындағы алтын көпір

Өткен апта еліміз түркілерді қонақ қылса, осы жетіде кениялықтарды құшақ жая қарсы алды. Ақордадан қонақ үзілген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келген Кения басшысы Уильям Рутомен кездесу өткізіп, тараптар саяси келіссөздер жүргізді. Басқосуда сауда-саттықтан бастап, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар сынды салалардағы байланыс талқыланып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың ерекше маңызға ие екені айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кенияны еліміздің сенімді сауда серіктесі екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кения Республикасы соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына шықты. Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызды халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді.

Сондай-ақ Президентіміз отанымызға атбасын тіреген қадірменді қонақты сый-сыяпатсыз жіберген жоқ. Уильям Рутоға І дәрежелі «Достық» орденін тағып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Кения Президенті Қазақстан Африка мен Орта Азия арасындағы экономикалық байланысты дамытуда алтын көпір бола алатынына сенім білдірді.

УИЛЬЯМ РУТО, КЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кения білім беру мен қауіпсіздікке, басқа да салаларға қомақты инвестиция салып жатқан мемлекет. Сондықтан осында жиналған бизнес көшбасшыларын диалогтан келісімге, байланыс орнатудан инвестицияға көшуге, қос халықтың игілігі үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп орындарын дамытуға шақырамын. Іскерлік ықпалдастықты ілгерілету үшін Астана мен Найроби арасында тікелей әуе қатынасын ашудың перспективасы мол. Шығыс Африка нарығына қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларға Момбаса мен Ламу порттары қызмет етуге әрдайым әзір. Бүгін Астанада біздің елімізден келетін тауарларға арналған логистикалық хаб салу жөнінде уағдаластық. Мен бұған қуаныштымын.

Осылайша екіжақты келіссөздер сәтті өтіп, президенттер 10-ға жуық келісімге қол қойды.

← Барлық жаңалықтар