Дәрігерлер әлемде қандай вирус тараса да, қауіппен бетпе-бет келіп, талайды ажал тырнағынан құтқарып қалады. Ал елімізде ақ халаттылардың өздері ажал құшып жатыр. Аурудан емес, адамдардың адуын мінезі һәм жуан жұдырығынан. Елімізде дәрігерлердің құқығын қорғайтын заң қатаңдатылып, күшіне енсе де, оларға олақ қарайтындар көп. Әсіресе шақырту түссе шарқ ұратын жедел жәрдемдегілерге қиын. Араққа тойып алған науқас, әйелін қызғанған күйеуі, медиктердің жұмысына сенуден қалғандардың ұр да жық әрекеті мәселені ушықтырып отыр.
Соңғы 5 жылда ақ халаттыларға 300-ге жуық шабуыл жасалған. Арасында адуындар кесірінен ажал құшқандары да, аяусыз соққылардан жарақат алғандар да бар. Алысқа ұзамай-ақ, осы жылдың басында Жаңаөзенде болған қанды оқиға күллі жұрттың төбе шашын тік тұрғызғанын еске салайын. Енді ғана алға талпынып, маман ретінде өсіп-өнуге құлшынған 29 жастағы жігітті жауыз жұмыс орнында пышақтап өлтіріп тастаған еді. Қаскөйдің жұбайы осы ауруханада медбике болып жұмыс істеген. Келіншегін қызғанған ер адам жас маманның өмірін қиды.
Елді елеңдеткен жайт жалғыз бұл емес, мұндай адам шошырлық оқиға бас қаламыз Астанада да болды. Ауруханаға туысын іздеп барған ер адам фельдшерден жақынымен шұғыл кездестіруді талап еткен. Алайда ақ халатты тек қабылдау уақытында келуді өтінген кезде, ашуға булыққан 47 жастағы азамат медикке тап беріп, аяусыз төмпештеген. Әупірімдеп аман қалған қызметкер ауыр соққыдан бас-ми жарақатын алды.
Сорақылық мұнымен бітпейді. Келесі оқиға Алматыда тіркелді. Жедел жәрдем өлім мен өмірдің ортасында жатқан ананы құтқаруға жан ұшыра жеткен. Алайда оларды алғыстың орнына ажал күтіп тұрғандай болды. Науқастың өлесі мас күйінде күтіп алған, сылқия тойып алған ұлы дәрігерлерге сес көрсетіп, фельдшерге пышағын жалаңдатқан.
Айта берсек, жаға ұстатарлық жайт көп. Мәселен, өткен жылдың соңында Қостанайда Антон Кистанов есімді ақ халатты абзал жанның аяусыз соққыға жығылып, комадан бір-ақ шыққаны көптің есінде. Сәтін салғанда дәрігер ажал аузынан аман қалып, бүгінде өз міндетіне қайта кіріскен. Ал оған қастандық жасаған қылмыскер жарты жылға бас бостандығынан айырылып, 2 миллион теңге айыппұл арқалаған еді. Дегенмен қанды қол әрекет өзгелерге сабақ болмаған сыңайлы. Антонның айтуынша, айдың-күннің аманында аурухананың ішін азан-қазан қылып, жұдырығын ала жүгіретін адуындар әлі де азаймаған.
АНТОН КИСТАНОВ, ДӘРІГЕР:
Оқиғаның нақты қалай болғаны есімде жоқ, тек бір көзімді ашсам, жансақтау бөлімінде жатыр екенмін. Жалпы, ол пациент өте шыдамсыз әрі ашулы болды. Ештеңені тыңдағысы келмей, көмектің дәл қазір және осы жерде көрсетілуін талап етті. Меніңше, оның ашуын тудырған тек күту процесі еді, ал соңы осындай жағдайға алып келді. Негізі біздің қабылдау бөлімінде кикілжің өте көп, тіпті күн сайын болады десем қателеспеймін — мұны кез келген қызметкер растайды. Әсіресе кешкі уақытта мас күйінде келіп, айқай-шу шығаратын адамдар өте жиі кездеседі.
Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеулеріне сүйенсек, медицина саласында жиі шабуылға ұшырайтын — фельдшерлер екен. Ішімдікке еліріп, есі ауысқан талай бұзақылардан теперіш көрген олар әр үйге үреймен бас сұғатын халге жетіпті. Әйтеуір өз бастарын аман алып қалу үшін шақыртуға барынша сақтанып, құрал-жабдықтарын сайлап барады екен.
НҰРБЕК АРИПБАЕВ, ФЕЛЬДШЕР:
Біз алғашында барғанда пациентті, ең бірінші, қауіпсіздігімізді қараймыз. Яғни алкоголь ішіп алған ашулы кісі болса, 102 қызметкерлерін шақырамыз. Плюс бізге мынадай диктофон берген. Осы диктофонның арқасында алдағы кейбір кісілер боғауыз айтады деген сияқты, қауіп төндіреді, соның бәрі запиське жазылады.
Аурухананың қабылдау бөлімі де қауіпті аймаққа айналғандай. Мұнда әр күні әртүрлі, мінезі қатаң, жүйкесі жұқарған талай жан аяқ басады. Дәрігерлер кімнің қай сәтте нендей әрекетке барарын білмегендіктен, өз бастарын қорғаудың бір амалын тауып, өзара бекітіп қойыпты.
ИСАТАЙ КУКИЕВ, «№1 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біздің арнайы күзет ұйымдарымен келісіміміз бар. Оқыс жағдай бола қалған кезде «белый код» деген жүйе бар. Яғни дәрігер өзіне қауіп сезінген сәтте «белый код» деп айқайласа, тіркеу бөлімінің қызметкерлері бірден дабыл батырмасын басып, күзет ұйымын шақырады. Нәтижесінде қаруланған жедел әрекет ету тобы санаулы минутта көмекке жетіп, жағдайды бақылауға алады.
Медицина — бүкіл мамандықтың ішіндегі ең ұзақ оқытылып, салмағы батпан, жауапкершілік жүгі тым ауыр сала. Дәрігер болуға бекінгендер ғұмырының он шақты жылын тоқтаусыз білім алуға жұмсайды. Алайда осыншама бейнетпен келген біліктілікті мамандар қиянат пен қысымның ортасында дәлелдеуге мәжбүр. Бұл нонсенс саладағы маман жетіспеушілігін ушықтырып, кадр таппай кетуімізге әкеп соқтыруы мүмкін бе?
ЖАННА ЕШМАҒАМБЕТОВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
Бір дәрігерді дайындау үшін 9-10 жыл кетеді. Оқу өте қиын, талап өте жоғары. Сондықтан да жас маман мұндай шабуыл болған кезде, қысым болған кезде тұрақтамайды мұндай стресс жұмысқа. Көбісі ол маманға бармайды.
Мұның бәрін құлақпен естіп, көзбен көріп жүрген халық қалаулылары да қол қусырып отыра алмады. Депутаттар дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғау туралы маңызды заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Нәтижесінде осы жылдың 7 наурызында Президент қол қойып, Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап қосылды. Енгізілген өзгерістер мынадай:
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Құжатқа сәйкес, дәрігерге сес көрсетіп, қорқытқандардың өзі ірі айыппұл арқалап, қоғамдық жұмысқа жегіледі немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал сәл ғана күш қолданып, жеңіл жарақат салғандардың жазасы бірден ауырлап, айыппұл көлемі өседі. Тіпті 2 жылдан 3 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Нақты соққыға жығып, денсаулығына елеулі зиян келтірген бұзақылар 5 жылдан 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімге темір торға тоғытылады. Ең сорақысы, жағдай қатты ушықса, кінәлі адамды 7 жылдан 12 жыл аралығындағы түрме жазасы күтіп тұр.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Менің білуімше, біздің қабылдаған бұл заң міне осы проблеманы шешуге өте жақсы көмектесуде. Әрине, ол бір күннің ішінде тыйылмайды. Бұл жалпы мәдени бір үлкен мәселе. Сондықтан біз үлкен жұмысты жүргізуіміз керек. Бірінші кезекте біздің министрлік осы жұмысты қолға алу керек деп санаймын.
Әрине, әр дәрігердің қасына бір-бір полицейден қойып, күзетші отырғызу мүмкін емес. Әйтеуір Денсаулық сақтау министрлігі қауіп-қатердің алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Олар медициналық мекемелерді күзететін ұйымдарға қойылатын талапты барынша күшейтіпті. Енді екінің бірі даңғарадай ауруханаға қарауыл болып жұмысқа кіре алмауы мүмкін.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Күзет ұйымдары лицензиясы бар және бірінші типті лицензиясы бар күзет ұйымдарымен келісімшартқа отыру бойынша жұмыстар күшейтіліп жүргізіліп бастады. Бұған дейін талап болған жоқ. Каждый организация өзі қалайынан конкурс объявляет етті қалай. Сіз күзет организациясысыз, мен медорганизация. Екеуміз қалай, мен сізге қалай талап қойдым, сіз соған келіссеңіз, қол қойып қабылдай бердік. Қазір нақтылы осы лицензияның бірінші типі болу керек. Яғни бұл объекті аса қауіпті объект болса, күзете алуға рұқсаты бар деген сөз ол.
Күн-түн демей, қоғам тыныштығын бұзып, дәрігерлердің өміріне қауіп төндірген әрбір бұзақымен алысып, заң аясында қатаң күрес жүргізіп келе жатқан Ішкі істер министрлігінің де еңбегін айта кетпесек жарамас.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Бап күшіне енгені бері 10 қылмыстық іс қозғалып, оның бесеуі сотқа жолданған. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі бақылауда тұр. Жалпы медициналық мекемелердегі бейнебақылау камераларының көпшілігі полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Ақ халат киген адам — жау емес, жан сақтап қалуға ант берген маман. Өкінішке қарай, оларға жұдырық ала жүгіру, қоқан-лоққы көрсету қалыпты жағдайға айналып барады. Салдарынан адамды ажал аузынан арашалап қалуға тиіс мамандардың өзі қазір қорған іздейтін хәлге жетті. Құрмет жоғалған қоғамда тәжірибелі мамандардың азая берері айдан анық.