Айтылған сөз, берілген уәде орындалмады. Таяу Шығыстағы тыныштық көпке созылмай, тағы да қан төгіліп жатыр. Ливанда сойқан салған Израиль әскерлері ондаған адамның ажалына сеп болыпты. Тағы да жылаған ана, жетім қалған бала, қара жамылған әке. Ал жаһанды тағы бір дағдарыс күтіп тұр. Осы жазда мұнай нарығындағы ахуал мұңға батырады. Халықаралық ұйымдардың талайды елең еткізген ескертуі әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты болып отыр.
БІТІМ БҰЗЫЛДЫ. ЛИВАН
Таяу Шығыстағы ахуал күн санап ушығып барады. АҚШ Мемлекеттік департаменті мамырдың ортасында тараптарды 45 күндік бітімге шақырғанымен, Ливанда жарытып тыныштық орнамады. Израиль әскерилері Ливанның оңтүстігіндегі Деир Канун әл-Нахр қаласына кезекті мәрте әуеден соққы берді. Салдарынан 14 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жараланған. Құрбандардың басым бөлігі әйелдер мен балалар. Сондай-ақ Маашук аймағындағы ең ірі гуманитарлық медициналық орталық толығымен қирады. Жергілікті халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтып, рентген, МРТ қызметін көрсетіп келген бұл нысанның күл-талқаны шыққан. Израиль тарапы «мұнда Хезболла соғысқан» дегенді алға тартса, жергілікті дәрігерлер бұл уәжді жоққа шығарып отыр.
АЛИ ӘЛ-АБД, «ИСЛАМ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ» ДӘРІГЕРІ:
Біз жарылыс дауысын ести сала жараланғандар мен қаза тапқандарды эвакуациялауға кірістік. Қазір үйінді астында қалған 2-3 адамды іздестіріп жатырмыз. Мұнда көз жұмғандардың көбі балалар мен әйелдер. Мәйіттердің қатты зақымданғаны сонша, туыстары оларды тек ДНҚ сараптамасы арқылы ғана тани алады.
Соғыс тек адам шығынымен шектелмей, Ливан экономикасын тұралатып тастады. Елдің Қаржы министрі Яссин Жабердің Reuters агенттігіне берген сұхбатына сүйенсек, соғыстан келген тікелей және жанама шығын көлемі 20 миллиард долларға жеткен. Айта кетейік, Ливан 2019 жылғы қаржылық дағдарыс пен 2024 жылғы соғыстан ес жия алмай жатып, жаңа соққыға тап болды. Ресми Бейрут биыл бюджетті профицитпен, яғни пайдамен жабамыз деп үміттенген еді, бірақ қазір үкімет бар қаражатты босқындарды асырауға жұмсап жатыр.
ЯССИН ЖАБЕР, ЛИВАННЫҢ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Біз Еуропалық Одақтан босқындар мен аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде 45 миллион еуро алдық. Бұған қоса, Вашингтонда Дүниежүзілік банкпен 200 миллион долларлық келісімге қол қойдық. Ливан қазынасынан да 50 миллион доллар бөлдік. Қазір біз толығымен сыртқы қарыздарға тәуелдіміз. Өкінішке қарай, қайтарымсыз гранттар мен гуманитарлық көмек өте аз келіп жатыр.
Қазіргі таңда гуманитарлық апаттың зардабын жеңілдету үшін БҰҰ-ның арнайы қызметтері жұмыс істеп жатыр. Олар босқындар лагеріндегі 80 мыңнан астам адамға медициналық және психологиялық жәрдем көрсеткен.
СТЕФАН ДЮЖАРРИК, БҰҰ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Наурыздың екісінен бері біздің серіктестеріміз Ливанның Денсаулық сақтау министрлігіне қолдау көрсетіп, 66 мыңнан астам алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырды. Сондай-ақ 90 мыңға жуық адамға созылмалы әрі асқынған ауруларға қарсы қажетті дәрі-дәрмек жеткізілді.
Сарапшылардың пікірінше, Ливанның бұл тығырықтан шығуы Парсы шығанағындағы еңбек мигранттарынан келетін қаржылық аударымдар мен жазғы туристік маусымның қалай өтетініне тікелей байланысты. Алайда Израиль соққылары тоқтамаса, елдің экономикасы толық күйреудің алдында тұр. Жалпы, наурыз айынан бері басталған қақтығыстардан Ливанда 3 мыңнан астам адам опат болып, 9 мыңнан астамы жарақат алған. 1 миллионнан астам тұрғын үй-жайын тастап қашуға мәжбүр болды.
МҰНАЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ ДАҒДАРЫС
Осы жазда әлемдік мұнай нарығы үлкен дағдарысқа тап болуы мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігі егер жанармай тапшылығы тез арада шешілмесе, шілде мен тамызда «қара алтынның» жаһандық қоры күрт таусылатынын ескертті. Дағдарыстың басты себебі — геосаяси жағдайға байланысты Ормуз бұғазының жабық қалуы. Осы су жолы бұғатталғандықтан, Таяу Шығыстан келетін мұнай тасымалы шектеліп отыр. Бұған дейін мұнай өндіруші алпауыт елдер нарықты тұрақтандыру үшін өздерінің стратегиялық қоймаларынан 400 миллион баррель мұнайды нарыққа шығаруға еріксіз келіскен еді. Алайда сарапшылар Ормуз бұғазында кеме қатынасы шұғыл қалпына келмесе, бұл шараның да қауқарсыз болатынын айтып отыр.
ГАИТИДЕГІ ДАҒДАРЫС. ГАИТИ
Гаитиде қарулы топтардың қайта бас көтеруі салдарынан жағдай бақылаудан шығып барады. БҰҰ-ның соңғы мәліметінше, ел астанасы Порт-о-Пренс пен оның маңындағы жаңа қақтығыстардан ондаған адам қаза тауып, 30 мыңға жуық тұрғын үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Сәуірдің соңы мен мамыр айының алғашқы күндерінде ғана мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Жалпы, бұл аралдық мемлекетте ішкі босқындардың саны 1,5 миллионға жуықтаған. Бұл ел халқының шамамен 12 пайызы. Қазір бас сауғалаған жұрт шұғыл көмекке зәру.
ЖАНВЬЕ МУХИМА, ТҰРҒЫН:
Бұл соңғы шабуылдардан қашқан жаңа босқындар. Олар қолдарында түк жоқ. Қара жаяу жан сауғалап келген. Қазір аман қалу үшін оларға шұғыл түрде гуманитарлық көмек қажет.
Елдегі зорлық-зомбылықтың жаңа толқыны сәтсіз халықаралық бітімгершілік миссиясынан кейін ушығып кетті. Бұған дейін қауіпсіздікті қалпына келтіруі тиіс болған Кения бастаған контингент қаржы мен маман тапшылығы және ішкі даулардан соң Гаитиден толықтай шығарылды. Тығырыққа тірелген Гаити үкіметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың жеке әскери компаниясын жалдауға мәжбүр болған.
ДӘРІГЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ. АРГЕНТИНА
Аргентинада ондаған мың медицина қызметкері жаппай шеруге шықты. Наразы топ Буэнос-Айрес көшелерімен жүріп өтіп, биліктен денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды талап етті. Ақ халаттылардың айтуынша, президент Хавьер Милей келгелі бері мемлекеттік медицина мүлдем тұралап қалған. Бұл елдегі бюджетті қысқарту саясатына қарсы бағытталған кезекті ірі наразылық.
ФЕДЕРИКО ЭСКЕР, ДӘРІГЕР:
Мемлекеттік емханаларға жүгінетін науқастар саны тым көбейіп кетті. Себебі жұмыссыз қалып немесе табысы азайып, жеке сақтандырудан айырылғандардың бәрі бізге келіп жатыр. Қарапайым халықтың емханадағы қосымша төлемдерді төлеуге ақшасы жоқ. Бірақ біз бұл сұранысты жаба алмаймыз, өйткені мемлекеттен тиісті қаражат алып отырған жоқпыз.
Қаржының тапшылығынан елдегі ірі ауруханалардан жүздеген маман жұмыстан шығарылып, жас дәрігерлердің орындары қысқаруда. Дегенмен Милей үкіметі өз шешімін өзгертпейтін сияқты. Ресми Буэнос-Айрестің уәжінше, шығындарды қатаң шектеу ғана инфляцияны ауыздықтап, ел экономикасын тығырықтан шығарады.