Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Зейнеп Ахметова Шудың бойында жүр

16 мамырда Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» тарихи Жарлыққа қол қойды. Енді осы бағытта өңірлерде рухани тәрбиені күшейтуге көңіл бөлініп, түрлі іс-шаралар басталып кетті.

Себебі қазір ұл-қызымызды телефон баурап, гаджеттен бас алмайтын жағдайға жеттік. Бұл мәселе ұлт зиялыларын да толғандырып отыр. Жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова Жамбыл облысы, Шу ауданының тұрғындарымен кездесуде отбасылық тәрбиедегі өзекті тақырыптарды қозғады. Батыр Бауыржан Момышұлының келіні жасөспірімдердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәлім-тәрбиені күшейту қажеттігін атап өтті. Іс-шарада жазушы өз өмірінен қызықты естеліктер айтып, қыз өсіріп отырған жанұяларға, болашақ келін болатын арулар жайлы да өткір ой қозғады.

ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА:

Былай қарап тұрсаңыздар, біздің ұлттық қадір-қасиетіміз бір күнде құрыған жоқ. «Тасын ала берсе, тау да таусылады» дейді. Сол сияқты кішкентай нәрселерден кете берді, кете берді, сөйтіп аз-аздан жиналып, көлемді мәселеге айналды.

АЙЖАН ИМАНОВА, ШУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазақтың ұлттық құндылықтары, біздің салт-дәстүрінің өзі — академия ғой, өзіне бөлек. Осындай кездесулер жиі болатын болса, бізде тәртіпте, тәрбиеде мүлдем басқаша нәтиже болар еді.

Басқосуда аудан тұрғындары қоғам қайраткеріне сұрақ қойып, ашық пікір алмасты. Ата-аналар ауылдың дәмінен тарту жасап, жергілікті ақындар арнау айтты. Ұйымдастырушылар мұндай тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр.

ЖАЙДАР ЖАСЫПБАЕВ, ШУ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» басқа да шығармаларымен таныса отырып, біз ол кісімен ата-аналарды тікелей кездестіруді осы оқу жылының соңғы күндеріне жоспарлап, жүзеге асырып отырмыз. Ол кісінің аузынан шыққан әрбір сөздің ата-анаға берер әсері өте зор деп есептеймін.

← Барлық жаңалықтар