Мазмұнға өту
· 31 қаралым

4 млн оқушы мектепті сәтті аяқтады

Бүгін еліміздің барлық білім ордасында соңғы қоңырау соғылды. Биыл 4 миллионға жуық оқушы жазғы каникулға жол тартса, 11-сыныпты тәмамдаған 215 мың түлек үшін нағыз сындарлы шақ басталды. Алда мемлекеттік емтихандар мен жауапты ҰБТ науқаны тұр.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Осы бір өлең жолдары менің артымда тұрған түлектердің сан жылдар бойы жинаған сезімдерін сипаттайтындай. Дәл осы жасөспірімдер бала шақтан болашаққа қадам басып, мектеп қабырғасында соңғы қоңырау дауысын естіді.

Үлкен өмірдің табалдырығын аттау әр жастың жүрегін дірілдетері анық. Биыл республика бойынша 4 миллионға жуық оқушы жазғы демалысқа шықса, мектеппен қоштасқан 215 мың түлекті алда жауапты мемлекеттік емтихандар мен ҰБТ сынағы күтіп тұр. Оның ішінде 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Көздерінде қимастық мұңы мен болашаққа деген нық сенім ұялаған өрендердің бүгінгі толқынысы осыдан болса керек.

НАЗЛЫ ИСЛАМ, ТҮЛЕК:

Себебі мен мектепті сәтті аяқтадым. Ең біріншіден, ата-анама рахмет айтамын. Мені оқу барысында қадағалағаны үшін. Ұстаздарыма рахмет, сапалы білім бергені үшін. Жалпы мектебіме рахмет! Үлкен алғыс айтамын.

Өмірдің бір қызығы — бала деген. Немере-жиендерінің осы күнін көрген қариялардың да қуанышында шек жоқ. Абай елінен елордаға арнайы ат арытып келген кейуана үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Ұядан ұшқан балапанның қанаты талмауын тілеп, көз жасын көлдеткен қарттардың да бүгінгі айтар ақ батасы, кейінгі ұрпаққа қалдырар аманаты салмақты.

ЕРМЕК НҰРМАХАМБЕТОВА, МЕКТЕП ТҮЛЕГІНІҢ ӘЖЕСІ:

Немерем кішкентай күнімде бауырымда болған. Соны енді бітіретін болғаннан кейін арнайы келдік, ақсақалымыз екеуміз. Біздің ұрпағымыз Қазақстанның келешегі. Енді бұларға қандай тілек айтамын? Абай аталарының әлгі «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөзін алдарына мақсат етіп қойса болды.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Солардың бірі — саналы ғұмырының 30 жылын осы салаға арнап, осымен төртінші мәрте қимас шәкірттерін қияға ұшырғалы тұрған Алма Нұрқасымның да бүгін кеудесін мақтаныш кернеп тұр. Сан буынды тәрбиелеп, заманның да, баланың да өзгергенін көзбен көрген тәжірибелі педагогтың бүгінгі түлектерге берер бағасы да салмақты.

АЛМА НҰРҚАСЫМ, ҰСТАЗ:

Ендігі қазіргі балалардың ерекшелігі — бұлар қазіргі заманауи сұранысқа сай, өздерінің жан-жақты дамуы, интеллектісі, зияткерлігі басқаша дамып жатыр. Өйткені қазіргілер — зумерлер ғой. Балалардың қазақы болмысы басым болса, қазіргі балалар өркениеттің көшіне ілесіп жатыр.

Бұл күні ата-аналар мен түлектер қуанса, ұстаздар мен полицияның жұмысы күшейеді. Себебі мектеп бітірген ұл-қыздар өміріндегі ең бір елеулі күнді тойлаймыз деп кейде әттеген-айларға ұласады. Ақтауда соңғы қоңырау салтанатынан кейін кортеж ұйымдастырған ұл-қыздар ескерту алды.

11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар биылғы 2 маусым мен 15 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес пәннен сынға түссе, оның бірі ауызша форматта болмақ. Осылайша емтиханнан іріктелген өрендер 17-18 маусым күндері қолдарына негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарын алып, үлкен өмірге біржола жолдама алады.

← Барлық жаңалықтар