Мазмұнға өту
· 38 қаралым

Бақбақ жұлсаң, 13 млн теңге айыппұл арқалайсың

Бақбақ жұламын деп, 13 млн теңге айыппұл арқалап жүрмеңіз. Көктем шықса болды, жер-жердің бәрінде өсіп шыға келетін сары гүлдердің «Қызыл кітапқа» енген сирек түрлері де бар екен. Бірақ сырт көзге қарасаң, бәрі бір-бірдей. Осы саланың арнайы маманы болмасаң, қарапайым тұрғындар ажырата алмайды деп агрономдардың өзі айтып жатыр. Сонда жойылудың сәл алдында тұрған түрін қайтіп білеміз? Жалпы бақбақтың қандай емдік қасиеті бар?

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Көктем келсе бақбақ, айналада шыға келеді қаптап. Ақ ұлпасы ұнап, бала-шаға жарыса жұлады, бірақ…

Ал бұл дегенің — 12 млн 975 мың теңге. Иә, ұл-қызыңыздың ермегі қалтаңызға ауыр салмақ болып тимесін.

АЙЖАМАЛ ШОРМАНОВА, БОТАНИКА ЖӘНЕ ФИТОИНТРОДУКЦИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Тараксакум виталий мен көксағыз Қызыл кітапқа енгізілген. Қызыл кітап 2014 жылы шыққан.

Елімізде бақбақтың бас-аяғы 56 түрі бар екен. Соның 54-і арамшөп, ал жоғарыда айтылған екеуі жойылудың сәл алдында тұрған сирек гүлдер.

НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл айыппұл 2019 жылы депутаттардың бастамасымен он есеге артты. Бұл өсімдіктердің жоқ дегенде 10-ы жұлынса, олар мүлде жойылып кетуі мүмкін.

Енді көптің көкейінде бұл бақбақтарды бір-бірінен қалай ажыратамыз деген басты сұрақ.

АИДА СЕРІК, АГРОНОМ:

Гүлі сиректеу болады, жапырақтары басқаша, кішкене түрі. Бірақ жай адамдар оны ажырата алмайды, қарапайым бақбақ деп ойлайды.

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Мәселен, экранда көрсетілген бұл екі түрі «Қызыл кітапқа» енгізілгендері екен. Ал қолымдағы жер-жердің бәрінде өсе беретін қарапайым бақбақ. Шынымен, өз ісінің маманы болып ажыратпасаң, сырт көзге қарасаң, бәрі бірдей-ақ.

Сонда ерекшелігі тек өсетін жерінде ғана дейді білетіндер.

АЙЖАМАЛ ШОРМАНОВА, БОТАНИКА ЖӘНЕ ФИТОИНТРОДУКЦИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Тараксакум виталий Іле Алатауының тасты, сазды беткейлерінде кездеседі, ал тараксакум көксағыз Саржас, Кеген тау етектерінің аңғарында кездеседі.

Ал қаланың ішінде, өзге аймақтарда өсіп, қаптап шыға келетіні — қарапайым арамшөп. Бірақ соның өзінің көбі біле бермейтін өзіндік емдік қасиеті бар.

ҰЛЖАН ШАЙХИЕВА, АГРОНОМ:

Бізде қазір оның қанша түрі болса да, оның барлығының емдік қасиеті бар. Бауыр, өт жолдарына, асқазан құрылымдарына, тіпті зерттеулер бар, онкологиялық ауруларға да ем екен.

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Әлбетте, бірақ емдік қасиеті бар екен деп, бақбақты бейберекет жұлып, қайнатып іше беруге де болмайды. Анығы, оңтүстікте табиғат аясына, әсіресе таулы аймақтарға демалуға шықсаңыз, өсімдіктің бұл түрінен алысырақ жүргеніңіз жөн. Әйтпесе, ойламаған жерден қылмыскер атанып, ірі көлемде айыппұл арқалап кетуіңіз бек мүмкін.

← Барлық жаңалықтар