Мазмұнға өту
· 9 қаралым

ЖИ кинобайқау жарияланды

Жасанды интеллект қоғамға мықтап бейімделіп келеді. Елімізде нейрожүйенің көмегімен дайындалған фильмдердің халықаралық байқауына өтінім қабылдау басталды. «Astana AI Film Festival» деп аталатын бәйгеге кез келген, жаңа технологияның «құлағында» ойнайтын адам қатыса алады. Іс-шарада жасқа да шектеу қойылмаған. Кәсіби біліктілігіне де жан баласы қарамайды. Бастысы бір талап — туынды бастан-аяқ нейрожүйенің көмегімен жасалып, адамға ой салуы тиіс. «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» атты байқауға қатысу үшін ұзақтығы 3 минуттан 10 минутқа дейін болатын ролик дайындап, оны байқау платформасына жүктеу қажет. Сондай-ақ ауқымды шараға әлемнің түкпір-түкпірінен қатысуға болады.

АЛМАС ЖАЛИ, КӘСІПКЕР:

Бізде 5 категория бар. Сол 1 млн доллар призовой фонд сол категорияларға бөлінеді. Ең үлкен призовой фонд 450 мың доллар. Жюрилар бізде осы келесі айдың соңына дейін, жюри тізімі дайын болады. Олардың бәрін біз жариялаймыз. Ең үлкен 3 критерий бар біз үшін: кинематография, сторителлинг пен концепт.

Сондай-ақ жаһандық байқауда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге де жол берілмейді. Тіпті оған мүмкіндік те жоқ. Ұйымдастырушылардың сөзінше, барлығы әділ өтсін деп, қазылық етуге жасанды интеллектің өзін тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр екен. Ал төрешілер алқасының толық құрамы алдағы уақытта жасақталады. Құжаттар мамырдан тамызға дейін қабылданады. Бұл додада кәсіби киностудиялармен қатар, тәуелсіз авторлар да бақ сынай алады.

← Барлық жаңалықтар