Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Ақтөбеде жасалған өнім

«Ақтөбеде жасалған». Отандық тігін фабрикасынан шыққан арнайы киімді еліміздің ғана емес, көрші мемлекеттердің жұмысшылары да киіп жүр. Жылына жүз емес, мың емес, миллион дана киім-кешек шығаруға қауқары жететін өндіріс ошағы дамып келеді.

Шағын ғана цехтан басталған кәсіп бүгін үлкен тігін фабрикасына айналған. Нарықта жүргеніне 25 жылға таяпты. Жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі өнімі — мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, энергетика саласының мамандарына арнайы киім тігеді. Халықаралық сапа сертификатын алғандықтан өніміне де сұраныс үлкен.

АРУЖАН КӨБЕСОВА, ЖҰМЫСШЫ:

Үш жыл болды жұмыс істеп жүргеніме. Мамандығым — вышивальный участокте жұмыс жасаймын. Біздер футболка, логотип тігеміз, шеврон тігеміз.

ГАУҺАР ДӘУІТБАЕВА, ЖҰМЫСШЫ:

Барлығы электронды түрде. Өте ыңғайлы, үйреншікті нәрсе барлығы.

Кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілік деген дүниеге үлкен мән береді. Жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді, жалғызбасты аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып-тоқытатын орын ашқан. Оларды кейін фабрикаға жұмысқа алып қалады. Осы уақытқа дейін 400-ге тарта маманды даярлапты.

АННА САФУДДИНОВА, ТҰРҒЫН:

Оқытады үш ай, степендия төлейді. Өзіме ұнады сол профессия, сол бойынша келдім осында. Қазір үйреніп жатырмыз келіп. Мынадай шалбар тігіп үйрендік, көрсетейін. Керемет, күшті ғып тіктік.

Фабрика өндірісті автоматтандыруды сатылап қолға алған. Мысалы, матаны кесіп, пішуді жасанды интеллектке тапсырыпты. Мамандарының бәрі техниканың тілін меңгерген. Ісі өнімді кәсіпорынның тауарлары бірнеше рет «Қазақстандағы үздік тауар» атаныпты. «Парыз», «Алтын сапа» секілді маңызды сыйлықтың иегері болған.

НАДЕЖДА ШАБАЕВА, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Фабрика толық қуаттылықта жұмыс істегенде жылына 1 млн 200 дана өнім шығарады. Заман өзгерді, бәрі дамып жатыр. Біз де көштен қалмай, өндіріске соңғы технологияны енгіздік. Жасанды интеллект арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысымыз өнімді, әрі сапалы. Тауарымызды тек Қазақстанда ғана емес, көрші Ресей де тұтынып отыр. Тапсырыс береді, соған сай тігіп береміз.

АРМАН ҚАБЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Екі ел арасындағы, соның ішінде өңірімізбен арадағы тауар айналымының жалпы шамасы – 827,6 млн АҚШ долларын құрады. Тек тауар қарым-қатынасы ғана емес, өзге бағыттарды да қамтып отырмыз деп толық айтуға негіз бар. Соның ішінде тау-кен өнеркәсібі, өндірістік кооперацияны айтуға болады.

Ақтөбе облысының мысалында айтатын болсақ, көрші елмен алыс-беріс бірнеше саланы қамтыған. Аймақта ресейлік капиталдың қатысуымен шамамен 800 кәсіпорын жұмыс істейді.

← Барлық жаңалықтар