Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жаңа кезеңі

Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының жаңа кезеңі басталды. Екі ел басшысы тату көршілік серіктестікке құрылған байланысты еселей түсуге мүдделі. Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуінде айтылды. Дәл қазір әріптесім Бердібек Қарынбай ресми кездесу өтіп жатқан саяси алаңнан хабар таратуға дайын.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Бүгін Ресей басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапарының екінші күні. Елімізге келген мәртебелі мейманға ерекше құрмет көрсетілді. Астана аспанында Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары көрші елдің байрағын бейнеледі. Ал Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты сәтте мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, қос елдің әнұраны шырқалды.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Салтанатты рәсімнен соң лидерлер келіссөз үстеліне беттеді. Шағын құрамдағы кездесуде мемлекет басшысы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме жасалатынын жеткізді. Соның бірі АЭС-ке қатысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз — достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы сауда айналымының шамамен 20%-ы Ресей үлесіне тиесілі. Алдағы уақытта екі ел үкіметі бұл көрсеткішті 30 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Келіссөздер аясында нақты жобаларды әзірлеу, басым бағыттардағы байланысты ілгерілету бойынша бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Кеңейтілген отырыстағы басқа да маңызды келісімдер мен қабылданған шешімдерді толығырақ Басты жаңалықтарда тарқатамын.

← Барлық жаңалықтар